Қазақстанда жасалатын аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға азайды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандағы криминалдық жағдай қалыпты, жасалатын қылмыстар саны қысқарып келеді.

Қазақстанда жасалатын аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға азайды

Бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлімдеді.

Министрдің сөзіне қарағанда, аса ауыр қылмыстар саны он бес пайызға азайып, 2394-ті құраған. Сонымен қатар, былтырғы жылы кісі өлтіру қылмысы 12 пайызға қысқарып, 1118-ге дейін төмендесе, тонаулар 7 пайызға кеміп, 18,8 мыңды, ал қарақшылық қылмысы 18 пайызға азайып, 1358-ті құраған. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 8 пайызға, ал қару қолдана отырып жасалған қылмыстар 11 пайызға төмендеді.

«Жалпы қылмыстың статистикалық өсуі негізінен орташа және ауырлығы орташа қылмыстардың есебінен болып отыр. Соның ішінде, әсіресе, ұрлық қылмысы өсуде. Дегенмен, бұның өзі қылмыстарды тіркеу саласындағы саясаттың өзгерістерінен көрінген нәтиже болып табылады», - дейді Қ. Қасымов.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр елімізде жасалған ұрлықтар саны 18 пайызға артып, 210,1 мыңға тақаса, алаяқтық қылмыстар саны 60 пайызға дейін жоғарылаған және 34,9 мыңға жетті. Ал бұзақылық 73 пайызға өсіп, 30 мыңға тарта қылмыстар тіркелген.