ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Астанада және Жезқазғанда телефондар шығарылатын болады
Қазақстанда телекоммуникациялық саланы дамыту мақсатында «NADLoC», «Avaya» және «ҚазТехЭлектроника» компаниялары арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Бұл ынтымақтастық «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Елбасы Н.Назарбаевтың экономиканың әлеуеттi салаларында халықаралық стратегиялық серiктестермен бiрге бiрлескен кәсiпорындарды құру жөнiндегi тапсырмасын орындау аясында жасалуда.
Тараптар Қазақстанда телефон стансалары мен телефон құрылғыларының өндiрiсiн ашуды, елде осы саладағы жергiлiктi қамтудың үлесiн арттыруды және жаңа технологияларды енгiзудi көздейдi.
«Бiрiншi кезеңде бiз 30 пайыз жергiлiктi қамтуды қамтамасыз ететiн боламыз. Бiрiншiден, құралдарды жинау үшiн жергiлiктi инженер-бағдарламашылар, техникалық жүйелеушi инженерлер тартылады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өзiмiздiң бiлiктi мамандарымыз дайындалады», - дейдi NADLoC агенттiгiнiң басқарма төрағасы Қайрат Байтүргенев.
Қазiргi уақытта өндiрiстiк база салынатын ыңғайлы орын iздестiрiлуде. Алматыда әзірлеушілер орталығын құру жоспарлануда. Ал Жезқазғанда өндірістік және құрастыру цехын, тестілік зертхананы, инженерлік бөлім мен әзірлеуші-бағдарламашыларды қамтитын өндірістік база даярлануда. Ал Астанада жабдықтардың сериялық партиясын шығаруды қамтамасыз ететін қажетті алаңдар іздестірілуде. «Жоба аясында «Avaya» компаниясының технологиясы негiзiнде арнайы оқу орталығын ашу көзделуде. Онда қазақстандық инженерлер оқытылып, бiлiктiлiктерi жоғарылатылады», - дейдi «Avaya» компаниясының Қазақстандағы және Қырғызстандағы өкiлдiгiнiң басшысы Серiк Әлиасқаров.
Бүгiнгi таңда мұндай жүйелердiң өндiрiсi Қазақстанда жоқ, дегенмен нарық бiрнеше миллион долларға татиды.