ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Елордалық автокөлік шиналары зауыты жылына 50 мың тоннаға жуық шикізатты пайдаға асырады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық автокөлік шиналарын пайдаға асыру зауыты 2008 жылы құрылған. Екі жылдың ішінде кәсіпорын Германияда жасалған техникалармен жабдықталды. Жыл сайын зауыт 50 мың тоннаға жуық шикізатты пайдаға асырады. Алайда, компания қамти алатын өндіріс көлемі жылына 300 мың тонна автомобиль шинасын құрайды, деп хабарлады astana.gov.kz.
None
None

Яғни, пайдаға жаратудың әлі қамтылмаған көлемі бар, оны зауыт елордаға жақын аймақтардың шикізатын қайта өңдеу арқылы толтырмақ.

Бүгінгі күні зауытта бір ауысымда 15 адам жұмыс істейді. Бір ауысымда 10-15 тонна шикізат пайдаға асырылады. Шинаның алғашқы ұсақтау бөліміне түскеннен резеңке түйірлерге айналып шығуына дейін 45-50 минут уақыт қажет. Автокөлік шиналарын кәдеге жарату туралы бізге зауыттың директоры Ермек Әбдиев айтып берді.

«Шина қалдықтарын кәдеге жаратудың бірінші кезеңі - шредтеу, онда олар белгілі өлшемге дейін бөлшектеледі. Одан әрі негізгі желіге жіберіліп, ұсақтап тазалаудың бірнеше кезеңінен өтіп, магниттік ұстау арқылы металл кордтар бөлінеді, ал бұл жоғары сапалы болат болып табылады. Сондай-ақ, тоқыма кордтар бөлінеді, нәтижесінде түрлі фракциялы резеңке түйіршіктер қалады», дейді «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС директоры Ермек Әбдиев.

Зауытта шикізатты кәдеге жаратудың механикалық әдісі жүзеге асырылады. Яғни, термо-өңдеу мен химиялық реагенттерсіз кәдеге асырудың экологиялық тәсілі пайдаланылады.

Зауыттағы шиналарды кәдеге асыру процесінің нәтижесінде құрылыста жылу сақтағыш және дыбыс ұстағыш ретінде пайдаланылатын тоқыма алынады. Сондай-ақ, қайта балқытуға жіберілетін металл корд шығарылады. Толық технологиялық цикл барысында алынатын ең басты шикізат өнеркәсіптің түрлі салаларында кеңінен пайдаланылатын фракциялы резеңке түйірлері болып табылады.

Соңғы жаңалықтар