Қазақстанда жасалған: Ең үздік материал үшін журналистерге электромобиль табыс етіледі

Шара Бас редакторлар клубы мен "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының ұйымдастыруымен қолға алынып отыр.
"Бас редакторлар клубының бастамасымен Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында "Самғау" атты журналистер арасындағы байқау өтеді. Бұл байқаудың негізгі мақсаты - осы тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан отандық өндірушілердің жұмысын және нәтижесін насиxаттау. Осы орайда, Бас редакторлар клубы "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясымен арнайы меморандумға қол қояды. Өздеріңіз білесіздер, Бас редакторлар клубы еліміздегі 250-ден аса БАҚ басшыларының бас біріктіре отырып, жалпы Қазақстандағы болып жатқан игі жұмыстарды xалыққа жария ету, xалыққа қоғамдық маңызды мәселелерге үлес қосу сынды көптеген бастамаларға ұйытқы болып келе жатыр. Ендігі мақсатымыз - Қазақстанда беделді, сапалы өнім шығарып отырған тауарөндірушілерімізге өз үлесімізді қосу және осыған өз әріптестерімізді шақыру", - дейді Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай.
Байқау 7 аталым бойынша өтеді. Оған еліміздегі барлық БАҚ қатыса алады. Газет, журнал, радио, телевизия ғана емес, блогерлердің де қатысуына мүмкіндік қарастырылған.
"Осы байқауға байланысты 10 миллион теңгеге жүлде қорын ашып отырмыз. Соның ішінде журналистер арасында ең үздік деп танылған тілшіге Гран-При сыйлығы ретінде көлік сыйлаймыз. Ол Қазақстанда жасалған автомобиль болады. Тағы бір ерекшелігі ол - электр автомобилі болуы мүмкін. Барлықтарыңызға осы байқауға қатысуға жол ашып отырмыз", - дейді "Халық маркасы" қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясының президенті Рима Тәжібаева.
Барлық номинациялар бойынша материалдар Байқауға 2016 жыл 10 желтоқсанға дейінгі мерзімде электронды түрде ғана ұсынылуы тиіс.