ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Оралдағы «Зенит» зауытында су ығыстырылымы 600 тонналық жаңа кеме құрастырылмақ (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жаңа индустрияландыру бағытында тың жобалар қолға алынған «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-да алдағы уақытта су ығыстырылымы 600 тонналық кемелер құрастырылмақ.
None
None

Зауыт бас директорының бірінші орынбасары, бас инженер Виктор Гарчевтің айтуынша, мұндай кемелерді өз еліміздегі тапсырыс берушілерге дайындап қана қоймай, экспортқа да шығаруға да болады. Әмбебап кеме теңіз күзетіндегі су көліктерін керек-жарақпен қамтып, жабдықтаумен бірге жүк пен адамдарды тасымалдап, іздеу, құтқару және басқа жұмыстарды атқара алады.

Жалпы, мыңға тарта адам еңбек ететін кәсіпорынның кеме жасаудағы тәжірибесі мол. 1993 жылдан бері мұнда 23 катер-кеме құрастырылып, суға түсірілді. 1995 жылы тапсырылған алғашқы «Сұңқар» катерінің су ығыстырылымы 13 тонна болғанын айта кетейік. Кейінгі жылдары кемелердің су ығыстырылымы 250 тоннаға дейін жеткізілді. Қазіргі таңда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің тапсырысы бойынша 24-інші кеме жасалуда.

Импорттық кемелерден ерекшелігі, зауыт кепілді және одан кейінгі қызмет көрсетуді толық өз мойнына алады. Қажет жағдайда кемені жөндеп, жетілдіреді. Сөйтіп соның нәтижесінде оның қызмет ету мерзімі ұзарады. Кәсіпорын ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін енгізе отырып, катерлер мен кемелердің қазіргі заманғы озық түрлерін жасап шығаруға бағыт ұстауда. Бұдан басқа зауыт мұнайгаз саласы үшін көптеген өнімдер жөнелтеді, технологиялық сорғылар, электр қозғалтқыштарын және басқа бұйымдарды жөндеумен айналысады. Ең бастысы, зауыт өнімдері халықаралық талаптарға сай келеді.

Еске сала кетейік, «Зениттің» іргесі 1941 жылы Оралға Ленинградтан көшірілген «Двигатель» зауыты негізінде қаланды. Соғыс кезінде ол арнайы әскери-теңіз қару-жарағын шығарып, Ұлы Жеңіске сүбелі үлесін қосты. Зауыт - Қазақстанда бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған бірден-бір кәсіпорын. Қазір ол «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның құрамына кіреді.

Соңғы жаңалықтар