ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Отандық анимацияны қолдау мақсатында «Менің сүйікті мультигім» шарасы ұйымдастырылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Балапан» телеарнасы Алматы қаласында отандық анимациялық өнімдерді кеңінен насихаттауға арналған «Менің сүйікті мультигім» атты акциясын өткізді, деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен.
None
None

Оның негізгі мақсаты - отандық анимацияны насихаттау, қолдау көрсету.

Бұл іс-шараға Алматы қаласындағы балалар үйінің бүлдіршіндері де қатысты. Олар «Балапан» телеарнасынан көрсетілетін «Әли мен Айя» мультфильміндегі кейіпкерлердің суретін салып, бояу сайысына түсті.

Айта кету керек, 20 сериядан тұратын және замануи 3D анимациямен жасалған «Әли мен Айя» мультоптамасы мектеп жасына дейінгі балалардың ой-өрісін, ойлау қабілетін, жан-жағын танып, айналадағы адамдармен қарым-қатынасын дамытуда тәрбиелік мәні орасан зор таптырмас құрал болып табылады. Мультхикая өндірісіне халықаралық дәрежеде танымал аниматорлар қатысты. Мультоптамада ауылға ата-әжесіне келген Әли мен Айя арқылы теледидар алдындағы балдырғандарды қоршаған ортамен таныстырып, кішкентай балалардың атасы мен әжесіне сұрақ қоюы мен оған алынатын жауаптар тек әңгіме ретінде емес, ұтымды анимациялық графикалық шешімдер арқылы көрініс табады. Әр бөлімде қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, ұлттық аспаптар, ойындар, тағамдар, бұйымдарды үйрету арқылы ата-баба дәстүрімен таныстырып, рухани байлығымыз балалардың бойларына сіңіріледі. Мектеп жасы алдындағы бүлдіршіндерді әріп танытып, санамаққа, ән салдырып, ұлттық бидің кейбір жеңіл элементтерін үйретеді. Телехикаяның әр бөлімінде кем дегенде бір жаңа ән сәбилер үшін жазылып, олардың тез жаттап алып, айтуына мүмкіндік береді. Бір сөзбен айтқанда, мультхикаяның әрбір бөлімінде сәбидің өзін қоршаған ортаны тани бастайтын ең сүйкімді, ең қылықты шағында "Ол кім? Бұл не?" деген сұрақтарға молынан жауап беріледі.

Соңғы жаңалықтар