ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Отандық азық-түлік өнімдері Дубай тұрғындарының зор қызығушылығын тудырды (ФОТО)

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Дубайда БАӘ-нің «LuLu» ірі азық-түлік желісінде отандық өнімдерді жер-жерде әйгілендіру қажеттілігі туралы бастамасын іске асыру аясында «Қазақстанда жасалған» акциясы өтті.
None
None

Қазақстандық компаниялардың Әмірліктерде және Таяу Шығыстағы бірінші «роуд-шоуына» қатысатынын 20-дан астам жетекші қазақстандық азық-түлік өнімдерін шығарушылар растады, олардың арасында «Цесна-астық» концерні, «Сұлтан» макарон фабрикасы, «Маслодел», «Батыс продукт», «Агропродукт», «Марсель», «IBS Group» және тағы басқалары бар.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ҚР Елшілігінің қолдауымен акцияны өткізу Әмірліктер мен аймақта әйгілі болып табылатын «Lulu» бөлшек сауда желісінің басшылығымен келісілді. «Қазақстанда жасалған» акциясы дүйсенбі күні кешке Дубай қаласындағы «Әл Барша» ауданында орналасқан «Lulu» супермаркетінде басталды. Дүкенге келген көп адамдар Қазақстанда жасалған азық-түлік өнімдерінен дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Қазақстандық азық-түліктердің табиғилығы мен жоғары сапасы Әмірліктегі үлкен қала тұрғындарының жоғары қызығушылығын тудырды. «Роуд-шоудың» салтанатты ашылу рәсімін ҚР-ның БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шәріп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров және Шарджас әмірлігінің Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Джасим Иса Әл Мутава жүргізді. Қызыл лента кесілген соң Әмірлік жеріндегі жаңа бастамаға табыс әкелу тілегімен қазақтың «шашу» салты өткізілді. БАӘ-дегі «Қазақстанда жасалған» шарасының негізгі мақсаты - ҚР-ның азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ұлттық жетістіктерін көрсету ғана емес, қазақстандық азық-түлік тауар өндірушілері мен әмірліктің ірі ритейлерлерінің арасында тікелей байланыстарды орнатуға көмектесу болып табылады. Аталмыш шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров бастаған Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы болды. СҚО өкілдері экспозицияның ірі аумағын алып, онда бірден бірнеше азық-түлік компаниясын ұсынған, солардың арасында «Мамлют ұн тарту комбинаты», «Зенченко және К» ЖШС, «Қызылжар омартасы» ЖШС болды. А.Сапаровтың айтуынша, Дубайға Солтүстік Қазақстан облысының жетекші тауар өндірушілері келген. «Бүгін Дубай кәсіпкерлерінің біздің өнімдерге деген үлкен қызығушылығын көріп отырмыз. Олар осында ұнды қалай жеткізуге және одан дайын өнімлерді қалай істеуге болатынын сұрастыруда. «Сұлтан» АҚ-ның макарон өнімдері мен өнім түрлеріне сұраныс та байқалып жатыр. Дубайдағы супермаркетке келушілер біздің өнімдеріміздің қашан дүкеннің сөрелеріне түсетіні туралы сұрауда. Шынымен де, жергілікті дүкендерді аралағанда, мұндағы азық-түлік бағалары біздікінен екі есе жоғары екеніне көзіміз жетті. Осыған байланысты қазақстандық тауарлардың БАӘ-не логистикасын қарастыруға болады. Егер баға «өтетін» болса, біздің кәсіпкерлеріміз ынтымақтасуға дайын. Осы мәселелердің барлығы енді солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер мен әмірлік ритейлерлерінің арасында жүргізіледі», - деді А.Сапаров. Қазақстандықтар «Lulu» гипермаркеттері желісінің басшылығымен келіссөздер жүргізіп, соның барысында қазақстандық өнімдердің БАӘ және Таяу Шығыстың басқа нарықтарына одан әрі өткізілуінің болашағын егжей-тегжейлі қарастырды. БАӘ-дегі «LuLu» ірі азық-түлік желілерінің алғашқы азық-түлік дүкендері 1996 жылы Әбу-Дабиде ашылған. Дубайда алғашқы супермаркет 2000 жылы жұмыс істей бастаған. Қазіргі уақытта «LuLu» гипермаркеттер желісі тек БАӘ-де ғана емес, Оман, Катар, Кувейт, Бахрейн, Мысыр және Сауд Арабиясындағы бөлшек сауда көшбасшыларының бірі болып табылады. Оның дүкендерінің жалпы саны - 114.

Соңғы жаңалықтар