Қазақстанда жасалған: «Тұлпар-Тальго» биыл 150-ден астам вагон шығарады

Қазақстандық жедел теміржол вагондарын шығаратын «Тұлпар-Тальго» зауыты 2011 жылдың желтоқсанында ашылған болатын. Зауыт халықаралық сапа стандарттарына, өндіріс процессінің нәтижелілігіне сай жобаланып, салынған. Бүгінде «Тұлпар-Тальго» ТМД елдерінде теңдесі жоқ зауыт. Мұндай кәсіпорынның құрылысы мемлекеттік инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Ашылған соң бір жылдан кейін 2012 жылдың маусымында «Алматы - Петропавл» бағытындағы алғашқы вагон құрамы пайдалануға берілді. Қазірде «Тұлпар-Тальго» пойыздары «Астана - Ақтөбе», «Астана - Атырау» және «Астана - Семей» бағыттарында жолға шықты. Бүгінгі таңда зауытта 292 маман қызмет атқарады. Кәсіпорын толық қуаттылықпен жұмыс істегенде қызметкерлер саны 360 жететін болады. «Тұлпар-Тальго» пойызының түзу ғана емес, қисық теміржолдардағы ең жоғары жылдамдығы 200 км/сағ екенін біреу білсе, біреу білмейді. Қазақстандық жаңа пойыздардың ерекшелігі - қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылық. - Біздің зауытқа Иран, Грузия, Балтық жағалауы елдерінің өкілдері келіп, вагон құрамдарын сатып алуға ниеттерін білдірді. Пойыздардың бір ерекшелігі - олар ені басқа жолға тоқтамастан өте алады. Ол жылдамдықты 5 км/сағ дейін төмендетіп, жолды автоматты түрде ауыстырады, - деді Виктор Наумкин.