Қазақстанда «жасыл» салық енгізу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Қазақстанда қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынып отыр.

жасыл салық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Өкінішке қарай, қолданыстағы Экологиялық кодексті тереңірек қарастыру қажет және бірқатар әлсіз тұстары барын көріп отырмыз. Әлі күнге дейін қалдықтарды бөлек жинау мен қатты тұрмыстық қалдықтарды жүйелеу мәселесі бойынша ғылыми зерттеу жүргізілген жоқ. Бұл туралы өткен аптада Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде айттық. Сол жерде жұмыс тобы аясында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу мәселесін жүйелі әрі қайта қарау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бойынша уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органның жауапкершілігі айқындалады, - деді Ажар Сағындықова Астанада өткен IX еуразиялық бизнес форумында.

Халық қалаулысының айтуынша, депутаттар әзірлеген бірқатар жаңа түзету жұмыс тобында талқыланады. 

салық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Атап айтқанда, біз қалдықтарды басқару бойынша жеке заң жобасын әзірлейтін уақыт келді деп санаймыз. Бұл заң жобасы өкілеттік, жауапкершілік, стандарттар мен инфрақұрылымға қойылатын талаптарды және мемлекеттік ынталандыру тетіктерін жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ экологиялық емес орамаларға «жасыл» салық енгізу және түскен қаражатты қайта өңдеу саласын дамытуға бағыттаған жөн, — дейді Ажар Сағындықова.

Бүгін Астанада «Жаңартылатын энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» атты тақырыпта ІХ еуразиялық бизнес-форум өтті.

салық
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Дай Даогомен «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. 

Жақында ғана Экология кодексі қалдық өңдеу ережелері тұрғысынан қайта жазылуы мүмкін екенін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар