Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал жақсармай отыр - Қ. Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал жақсармай отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыстық ахуал жақсармай отыр - Қ. Қасымов

Ведомство басшысының айтуына қарағанда, қазіргі таңда бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесе жасөспірімдер арасындағы қылмысты алдын алу жұмысы жүргізілуде. ІІМ арнайы бөлімдері елімізде арнайы есепте тұрған 100 мыңнан астам кәмелетке толмағандарды өз бақылауға алған. 16 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатқан жағдайы нашар отбасыларында мақсатты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілген.

«Алайда, осы атқарылған шаралардың барлығына қарамастан жасөспірімдер ортасындағы қылмыстық ахуал жақсарар емес. Былтырғы және ағымдағы жылы жасөспірімдер 3 800 қылмыс жасаған, олардың ішінде 23 кісі өлімі, 49 шабуыл жасау, 527 тонау, 1 930 ұрлық қылмыстары бар. Айта кетерлігі, бірқатар жылдар бойы қайталанып келе жатқан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың жартысына жуығы бұлар оқушылар мен студенттерге қатысты болса, оның ішінде ішімдік немесе есірткі пайдалану салдарынан орын алған қылмыстар», -деді Қ.Қасымов.

Министрдің айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында полиция мектеп инспекторы институтын дамыту үстінде. «Бұл мақсатта қалалық және ірі елді мекендердегі әрбір мектепте инспекторлар институтын енгізу маңызды. Қазіргі уақытта бұл үшін әлі де 1 850 мектеп инспекторлары қажет. Сонымен қатар, еліміздегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін арнайы жалпы білім беретін мектептер тапшы. Бізде ауыр қылмыстар жасаған, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға толмаған жасөспірімдерді қайта тәрбиелеуге арналған тек бір ғана жабық типтегі арнайы мектеп бар. Сондықтан да, бізде қазіргі күні екі мыңнан астам кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскерлерді қоғамнан оқшау тәрбиелеуге мүмкіндік жоқ», -деді Қ. Қасымов.