Қазақстанда жасөспірімдердің жартысы энергетиктерге тәуелді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 43 пайызы энергетикалық сусын тұтынады. Бұл туралы Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған «Қоғамдық денсаулық сақтау» ҰО төрағасының орынбасары мәлімдеді.

— Соңғы жылдары энергетикалық сусындарға тек ересектер ғана емес, жастар, жасөспірімдер және тіпті балалар арасында да қызығушылық артып келеді. Бұл — статистикамен де дәлелденген факт. Мұндай сусындарды шамадан тыс тұтыну жас ағзаға айтарлықтай зиян келтіреді, — дейді Салтанат Назарова.
Студия қонағы энергетикалық сусындардың адам ағзасына қалай әсер ететінін түсіндірді.
— Энергетикалық сусындардың құрамында кофеин, қант, таурин, гуарана, түрлі стимуляторлар мен ароматизаторлар бар. Бұл заттар жас ағзаға, оның ішінде жүрек-қан тамыр жүйесіне, жүйке жүйесіне, эндокриндік жүйеге, асқазан-ішек жолдарына кері әсер етеді. Сонымен қатар, олар артық салмақ пен түрлі инфекциялық емес ауруларға алып келуі мүмкін. Әсіресе құрамындағы кофеиннің көп болуы адамда физикалық және психикалық тәуелділік тудырады. Кофеин қан қысымын жоғарылатып, тахикардияны тудыруы ықтимал, — дейді маман.
Салтанат Назарова мұндай сусындарды кімдердің ішуіне болмайтынын айтты.
— Энергетикалық сусындарды жүкті әйелдер мен созылмалы аурулары бар науқастар тұтынбауы тиіс. Олай ішкен жағдайда инфаркт немесе инсультке ұшырауы мүмкін. Сонымен бірге, көп мөлшерде энергетикалық сусын ішу ағзадағы су мөлшерін азайтады, — дейді ол.
«Қоғамдық денсаулық сақтау» ҰО төрағасының орынбасары энергетикалық сусындардың күш-қуат беретіні өтірік дейді.
— Жарнамада энергетикалық сусындар күш-қуат береді деп көрсетілсе де, шын мәнінде олар сырттан энергия бермейді. Олар ағзаның резервтегі энергиясын пайдаланады, сондықтан келесі күні адам мүлде әлсіреп қалуы мүмкін. Бұл әсіресе жастардың нейродамуына кері әсерін тигізеді. Нейродаму әдетте 25 жасқа дейін жүреді, — дейді студия қонағы.
Маман еліміздегі жасөспірімдер арасында энергетикалық сусынға тәуелділік үдеп бара жатқанын жеткізді.
— Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, адам тәулігіне 25-30 граммнан артық қант тұтынбауы керек. Ал бір құты энергетикалық сусынның құрамында 50-55 грамм қант бар. Сонымен қатар, адамдар күнделікті басқа да тәттілерді тұтынады. Бұл семіздік мәселесінің көбеюіне себеп болып отыр. Соңғы зерттеулер бойынша, 6-9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызы артық салмаққа, ал 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан. Елімізде 11-15 жастағы жасөспірімдердің 43,2 пайызы энергетикалық сусындарды тұтынады, оның 17,5 пайызы аптасына кемінде 5 рет, ал 3 пайызы күнделікті сусын ішеді, — дейді Салтанат Назарова.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін қандай жұмыс атқарылғанын жазған едік.