Қазақстанда жастардың аграрлық ұйымы іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда WFF Kazakhstan National Youth Chapter — жастардың азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы және климаттық бастамалар саласындағы көшбасшылығын дамытуға бағытталған жаңа платформа өз жұмысын бастады. 

Қазақстанда жастардың аграрлық ұйымы іске қосылды
Фото: АШМ

Бұл жоба тек біздің елде ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағында ашылған алғашқы World Food Forum жастар бөлімшесі.

Бастама БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

Чаптердің серіктестері қатарында ҚР АШМ, ФАО Қазақстан, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындары — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазНАУ), Назарбаев Университеті, ҚазҒАСА және басқа да білім беру мекемелері бар.

Алдағы уақытта халықаралық донорларды, жастар және студенттік ұйымдарды тарту жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда Қазақстан халқының шамамен 29%-ын 14 пен 34 жас аралығындағы жастар құрайды, бұл — 5,7 миллионнан астам адам, олардың 2 миллионнан астамы ауылдық жерлерде тұрады.

World Food Forum ұлттық жастар чаптерінің құрылуы қазақстандық жастарды жаһандық сын-қатерлерді шешуге, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап климаттың өзгеруіне бейімделуге дейін — белсенді іс-қимылға қатысуға тың мүмкіндіктер ашады.

— Ауыл шаруашылығының болашағын жастардың белсенді қатысуынсыз елестету мүмкін емес. Біз World Food Forum алаңы жастар көшбасшылары үшін жаңа идеялар қалыптастыратын, инновациялық шешімдер әзірлейтін және аграрлық сектор мен елдің тұрақты дамуына нақты үлес қосатын орталыққа айналатынына сенеміз, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері.

Чаптердің негізгі мақсаттары тұрақты ауыл шаруашылығын қолдау және климаттық тұрақтылықты арттыру, жас фермерлер мен мамандардың агроазық-түлік жүйелеріне қатысуын кеңейту, студенттер мен жас кәсіби мамандар үшін академиялық және мансаптық мүмкіндіктер жасау, сондай-ақ жастардың өз бастамасымен ұйымдастырылған білім беру бағдарламалары мен зерттеулерді дамыту.

Бұдан бөлек, Чаптер инновациялар, білім беру және мемлекеттік құрылымдармен сындарлы диалог арқылы жастар мен негізгі мүдделі тараптарды агроазық-түлік жүйелерін дамыту процесіне қатыстырудың негізгі құралына айналады.

Тағы бір маңызды бағыт — халықаралық ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның World Food Forum аясындағы жаһандық диалогтарға қатысуы деуге болады.
Бұл бастама идеялармен алмасуға арналған алаң ғана емес, сонымен бірге Қазақстан мен бүкіл әлемнің тұрақты болашағына үлес қосуға дайын жаңа буын агрокәсіби мамандар үшін нақты өсу жолы болмақ.

Айта кетелік Қазақстан астығы скандинавиялық нарыққа шығуы мүмкін

Соңғы жаңалықтар