Қазақстанда жастарға барлық жағдай жасалған және кез-келгені министр деңгейіне де жете алады - С. Қайырбекова

Ведомство басшысы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне (ҚММУ) барып, студенттермен, резиденттермен, магистранттармен, докторанттармен және жас дәрігерлермен кездесті. Министр жастарға денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін түсіндірді.
«Кез-келген жағдайда сіздер бүгінгі күні денсаулық сақтау саласында болып жатқан жағдайды түсінулеріңіз керек. Сіздер осы жүйенің қатысушысыздар», - деді С. Қайырбекова.
Жастар қазіргі уақытта барлық нәрсеге қол жеткізе алады, деп санайды министр. «Сіздерде не бар? Сапалы білім бар. Яғни, сіздерге жағдай жасалған. Сіздер қаншалықты жақсы маман бола аласыздар, сіздер бүгін киіп жүрген ақ халатқа қаншалықты лайықтысыздар? Сіздер түсініңіздер, біздің елімізде барлық нәрсені жасауға болады», - деп баса айтты С. Қайырбекова.
Ол өзінің де осы ЖОО-ның түлегі екенін атап айтты.
«Қарағандыда жұмыс істедім. Оған дейін ауылдық жерде интернатурадан өттім және сол дұрыс болған да шығар. Ауруханада, емханада, стационарда, облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істедім. Сосын жұмыс іздеп Астанаға келдім. Министрлікке орналастым. Мен мұны өзімді мақтау үшін айтып отырған жоқпын. 10 жыл өткеннен кейін мен министр болдым», - деп әңгімелеп берді С. Қайырбекова.
Егер лайықты болса, әрбір адам осындай мансапқа жете алады, деп санайды ол. «Және ол үшін кәсібилік, жұмыс істеуге ынта және өз елің үшін не істегің келетінін түсінуден басқа ештеңе қажет емес. Осыған сеніңіздер», - деп жалғастырды министр.
ЖОО-да түлектерді жұмысқа орналастыру орталықтары жұмыс істейді, деп атап айтты ведомство басшысы.
С. Қайырбекова жастарға аға буынның басынан өткерген қиын уақыты туралы, дәрігерлерге жалақы төленбейтін кез болғанын әңгімеледі. Мұның бәрі артта қалды және соңғы жылдары денсаулық сақтауды қаржыландыру бірнеше есеге өсті, деп баса айтты министр.
«Мен сіздер бүгін мені тыңдап, біздің елімізде кез-келген жас адам өзінің мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, мемлекеттен көмек күтпейтін адам болуына барлық жағдай жасалғанын шын мәнінде түсінгендеріңізді және біреудің қарауындағы адам болмағандарыңызды қалаймын. Барлығы адамның өзіне байланысты», - деп түйіндеді С. Қайырбекова.
Сонымен қатар, ҚММУ-де министр оқу-клиникалық орталығының, ұжымдық пайдалану зертханасының жұмысымен және ЖОО-ның жатақханасымен танысты.