Қазақстанда жазасын өтеушілердің жартысына жуығы жұмыспен қамтылған

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев істі болып сотталған азаматтарды оқыту және еңбекпен бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы айтып берді.

Қазақстанда жазасын өтеушілердің жартысына жуығы жұмыспен қамтылған
Фото: ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті

«Сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеу әдістерінің бірі – жұмысқа орналастыру. Колонияларда сотталғандардың жартысына жуығы жұмыспен қамтылған. Жабық мекемелердегі іске қосылмаған өндірістік алаңдарға жеке кәсіпкерлер тартылып жатыр, сол нысандарда 4 мыңға жуық сотталған жұмыс істейді. Жалпы, жабық колонияларда 11 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар негізінен құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, ағаштан және пластиктен жасалған бұйымдарды жасаумен, сондай-ақ, нан өнімдерін пісірумен айналысады», - деді Шыңғыс Алекешев ведомствода онлайн өткен брифингіде.

Оның айтуынша, жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамту өздері келтірген мүліктік залалды өтеуге, алимент төлеуге немесе туыстарына қаржылық тұрғыдан көмектесуіне мүмкіндік береді.

«Сотталғандарды оқыту да ерекше назарда. Бүгінде 44 мекемеде сұранысқа ие 35 мамандық бойынша кәсіптік даярлау жүргізіледі. Атап айтқанда, ағаш ұсталары, суретшілер, сылақшылар, тігіншілер, наубайшылар және басқа кәсіп иелері бар. Осы бағыт бойынша шамамен 3 мың адам білім алып жатыр», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 37 мың адам жазасын өтеп жатыр.