13:00, 08 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті құру мен жабуға негізделген тіркеу алымдарынан бас тартылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігі кәсіпорындарды құру және жабу кезінде тіркеу алымдарынан бас тарту ұсынысын алға тартуда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Әділет вице-министрі Бақытжан Әбдірайым мәлім етті.
«Қазіргі кезде шағын бизнес субъектілері үшін кәсіпорындарды құру мен жабу кезінде тіркеу алымдарынан бас тарту мәселесі тұр. Бұл өз кезегінде Қазақстанда қолайлы бизнес ортаны дамыту бойынша мемлекет және Президент тарапынан қолдау болады», - деді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін жарғылық капиталдан, жылжымайтын мүлікпен тиісті келісімшарттар жасау кезінде техникалық паспортты ұсынудан бас тарту қарастырылып отыр.
«Барлық база электронды форматта болады. Әрине, бұл тұрғыда кәсіпкерге техникалық паспорттарды өзімен алып жүру қажеттілігі болмайды. Нотариустар тиісті база арқылы өздері тексеріп, техникалық паспортты сол жерден қарап, тиісті келісімді тіркей алады», - деп түйді ол.