Қазақстанда жерлеу рәсіміне қатысты бірыңғай ереже енгізу ұсынылды
Отырыста денсаулық сақтау мен ауыл шаруашылығы, ҚХА міндеті туралы бірқатар заң жобалары талқыланды. Өз тарапынан Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға бірқатар толықтырулар енгізуді ұсынды.
Вице-министрдің сөзіне құлақ ассақ, Қазақстанда адамды жерлеу процесіне қатысты ереже жоқ.
«Заң жобасы мақұлданса жерлеу рәсімі ғана емес, адам о дүниеге аттанғаннан кейінгі процестер қандай тәртіпте қаралу керектігі, қай органдарға жүгініп, қандай шешімдерді қабылдау керектігі жалпы ережелер төңірегінде шешілетін болады. Ашығын айтқанда кеңес дәуірінде бұған қатысты нақты ереже болған. Бірақ, қазіргі «Өзін-өзі басқару туралы» заңда бұған қатысты белгілі бір ереже жоқ. Сол себепті, қажетті ұсыныстарды жолдап отырмыз. Егер комиссия қолдаған жағдайда заң жобасын Мәжіліске шығаруға дайынбыз», - дейді АйбатырЖұмағұлов.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұл процеске қатысты көптеген сұрақтар бар.
«Әр ұлт марқұмды өз ұлттық ерекшелігіне қарай қалай жерлейді? Дінге байланысты өзінің жерлеу рәсімдері бар. Зираттың аумағы қандай болуы керек? Оның қоршаулары қандай болуы тиіс? Зираттың қандай аумақта болуы заңды? Адам басына қанша жер бөлінуі керек? Сұрақтар баршылық Сондықтан, біз сол мәселені шешу үшін жергілікті органдарға құзірет беріп, олар өз тарапынан тәртіпті қабылдайды. Оны реттеу ҚР ҰЭМ-нің аймақтық бөлімшелеріне жүктелетін болады», - дейді вице-министр.