Ақмола облысында 345 балаға заңсыз қызмет көрсеткен стоматология жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Степногорск қаласында тиісті маман сертификатынсыз балаларға стоматологиялық қызмет көрсету фактілері анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекетке 2,5 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды.

стоматология
Фото: Kazinform/ЖИ

Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, «Viamedis» ЖШС филиалында жұмыс істейтін тіс дәрігері балаларға медициналық қызмет көрсетуге құқық беретін тиісті маман сертификатынсыз жұмыс істеген.

Тексеру барысында аталған дәрігердің 345 кәмелетке толмаған пациентке медициналық қызмет көрсеткені анықталды. Бұл қызметтердің ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленген.

Негізсіз төленген медициналық қызметтердің жалпы сомасы 2 569 792 теңгені құрады.

– Балаларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқықтарын бұзған, – деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заң бұзушылықтарды жою және негізсіз жұмсалған қаражатты қайтару шаралары қабылданды.

Нәтижесінде 2 569 792 теңге мемлекетке қайтарылды.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында екі жеке стоматологиялық клиниканың басшысы балалардың дербес деректерін пайдаланып, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін 65,9 млн теңгені заңсыз алғаны анықталған еді. Сот үкімімен кінәлі тұлға сотталып, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді.