Қазақстанда жеті жылда 536 спорт нысаны бой көтерді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерде спорт нысандарын салуға, соның ішінде заманауи стадиондар мен инклюзивті спорттың мамандандырылған орталықтарын ашуға ерекше мән берілді.

Қазақстанда жеті жылда 536 спорт нысаны бой көтерді
Фото: Kazinform/Nano Banana

Соңғы жеті жылда Қазақстанда 536 жаңа спорт кешені салынды. Соның нәтижесінде халықтың спорт нысандарымен қамтылу деңгейі 44 пайыздан 59,6 пайызға дейін өсіп, 15,6 пайыз артты.

Қазіргі таңда елдегі спорт инфрақұрылымы 26 518 нысаннан тұрады: оның 24 321-і мемлекет меншігінде, 2 197-сі жеке меншікте. Олар ашық және жабық үлгідегі 20 негізгі құрылыс түрін қамтиды. Стадиондар, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жүзу бассейндері мен теннис корттарынан бастап, мамандандырылған ескек есу арналары, велотректер мен шаңғы базаларына дейін бар. 

Бұдан бөлек 75 жылдам тұрғызылған спорт құрылысы іске қосылды. 

Өңірлердегі спорт инфрақұрылымын дамыту үшін жеке инвестициялар тартуға бағытталған жол картасы әзірленді. Жаңа нысандарды жобалау мен салу кезінде халықтың барлық санатына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін заманауи қолжетімділік пен әмбебаптық талаптары негізге алынды.

Сонымен қатар 2025 жылдан бері қайтарылған активтер есебінен құралған Арнайы мемлекеттік қордың қаражатына құрылыс жүргізіліп келеді. Ал биыл спорт нысандарын салуға Инфрақұрылымдық даму қорының қаражаты бағыттала бастады.

Қазақстанда жеті жылда 536 спорт нысаны бой көтерді
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

2019 жылдан бастап елімізде бірқатар ірі спорт нысаны бой көтерді. Олардың қатарында Ж.Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайы, Астанадағы «Қазақстан» жеңіл атлетика спорт кешені және Қостанайдағы мұз айдыны бар.

Алматы облысында Республикалық олимпиадалық даярлық базасы пайдалануға берілді. Жаңа спорт кешенінде ұлттық құрама командалары мен олимпиадалық резерв спортшылары жаттығады.

Қазақстанда жеті жылда 536 спорт нысаны бой көтерді
Фото: jekpejek.kz

Жеңіл атлетика, ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, гандбол, футзал, шайбалы хоккей, коньки спорты, көркем гимнастика, спорттық гимнастика, бокс, жекпе-жек спорттары, соның ішінде күрестің барлық түрі, су спорты, оқ ату және садақ ату сияқты спорт түрлерінің дамуына да ерекше серпін берілді.

Қызылордада 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай заманауи жабындымен жабдықталған жаңа стадион ашылды.

Түркістанда Мұз сарайы, Теннис орталығы және халықаралық талаптарға сай Ескек есу арнасы пайдалануға берілді. Ескек есу каналы есу және академиялық есу спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ туризмді өркендетуге жол ашады.

2025 жылы Мемлекет басшысының елдің барлық өңірінде инклюзивті спорт орталықтарын салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес Ақтөбеде «Қуат» инклюзивті спорт кешені ашылды. Оның жалпы аумағы 4 855 шаршы метр. Ашық алаңдардағы жаттығуларды қоса есептегенде, күніне 500 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда 25 метрлік бассейн, әмбебап және күрес залдары, жаттығу бөлмелері, үстел теннисі залы, сондай-ақ 200 орындық көрермен трибунасы орналасқан. Кешенде спорттың 20-дан астам түрін дамытуға қажетті жағдай жасалған.

Өткен жылы Ақмола облысының Зеренді қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналған жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Аумағы 6 мың шаршы метрден асатын нысан өңірде жаңадан салынған ірі спорт кешендерінің бірі саналады.

Елордада биыл Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталды. Университет білім беру ордасы болумен қатар, көпсалалы спорт және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде жұмыс істейді. Жаңа оқу орны еліміздегі спорт индустриясының дамуына серпін беріп, өңірлік және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады.

Бұған дейін Павлодарда мұз кешенін салуға 19,9 млрд теңге бөлінгені хабарланған болатын.