Қазақстанда жеті жерде автожол бөлігіне су жайылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика аумағындағы тасқын су қаупі бар өңірлерде алдын алу шараларын жүргізу жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі.
ҚР ІІМ ТЖ комитеті бөлімшелерінің күштерімен мынадай іс-шаралар жүргізілуде:
- Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 9700 метр уақытша бөген тұрғызылды;
- Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 46060 дана құм салынған қап жиналды және төселді;
- Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстарында 313081 текше метр тасқын су сорғызылды.
11 сәуірдегі жай-күй бойынша Ақмола облысы Зеренді ауданының Чаглинка ауылында 4 тұрғын үй және 9 жеке үйдің аула аумақтарын еріген қар суы басқан. Су сорғыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Республика бойынша 7 автомобиль жолдарының учаскелерінде су жайылған: Ақмола (3), Қарағанды (2), Оңтүстік Қазақстан (1) және Солтүстік Қазақстан (1) облыстарында. Елді мекендерге қатер төніп тұрған жоқ.
Павлодар, Қарағанды, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 5 учаскеде автомобиль жолдарының шайылуы орын алды. Көлік құралдары айналма жолдар арқылы қозғалуда.
Апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге бір тәулікте 413 адам, 109 дана техника және 26 дана су сорғыту құрылғысы жұмылдырылды.