Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 386 бала бар

«Бүгінде Қазақстанда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 386 бала бар. Жыл сайын тағы 8 мыңнан астам бала айқындалып келеді. Балалар үйлерінде және білім беру жүйесінің басқа ұйымдарында 11 612 бала тәрбие алуда, олардың тек 2 106 - жетім. Қалған 9 506 бала - әлеуметтік жетімдер. Олардың ата-аналары бас тартқан, ата-аналық құқықтарынан айрылған немесе құқықтары шектелген, хабарсыз кеткен, балаларының тәрбиесімен айналыспайды», - дейді Қазақстанның SOS Балалар ауылдарының өкілі Тихонова Лариса.
Халықаралық конференцияның басты мақсаты - Қазақстандағы әлеуметтік жетімдікті алдын алу және төмендету бойынша мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-лар үшін ұсыныстар мен нұсқаулар құрастыру.
Әлеуметтік жетімдіктің қауіп-қатер тобындағы балалар саны тура пропорционалды түрде артып, бейресми деректер бойынша елімізде 400 мыңнан астам санды құрайды.
«Халықаралық конференцияда үкіметтік емес ұйымдар, ҚР Парламенті және Үкіметі өкілдерінен тұратын, елімізде әлеуметтік жетімдікті алдын алу мен төмендету бойынша ұсыныстарды орындау бойынша жұмыс тобы құрылады. Шара барысында үш тақырыптық секция жұмыс істейді: «Әлеуметтік жетімдікті алдын алу және төмендету», «Қазақстандағы отбасылық құрылымның альтернативті формаларын дамыту», «Балалар мекемелерін бітірушілердің әлеуметтік адаптациясы». Жалпы сессия барысында жетім балалар құқықтары саласындағы уәкілетті органдардың, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарының, балалар құқықтары саласындағы халықаралық ұйымдар өкілдерінің негізгі баяндамалары мен таныстырылымдары тыңдалады. Конференция қорытындысында ұсыныс-тілектер қалыптастырылады», - дейді Қазақстанның Азаматтық альянсының волонтерлік бағдарламалар директоры Вера Ким.