Қазақстанда ЖИ көмегімен артық жүк тиеудің 2 миллионнан астам дерегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тиеуіне қатысты 2 миллионнан астам жағдай белгілі болды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Көлік министрлігі Presight компаниясымен бірлесіп, ұлттық бейнебақылау жүйесін сынақтан өткізген. Жоба аясында еліміз бойынша көлік құралдарының 412 миллионға жуық жүрісі талданған.
– Біз Presight компаниясымен бірлесіп, ұлттық бейнебақылау жүйесінің пилоттық жобасын іске асырдық. Қазақстан бойынша көлік құралдарының 412 миллионға жуық жүрісін өңдеп, жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тиеуіне қатысты 2 миллионнан астам жағдайды анықтадық, – деді вице-министр.
Дамир Қожахметовтің сөзінше, жүйе көлік қозғалысының қарқынын, жүк тасымалының бағыттарын және өңірлер арасындағы жүк ағынын да талдауға мүмкіндік берген.
Айта өтейік, елордада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр. Аталған іс-шара — көлік-логистика саласын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға арналған негізгі халықаралық алаңдардың бірі.
Биыл форум Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттерден келген өкілдердің басын қосты. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтіліп отыр. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.
Бұған дейін Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отырғаны хабарланды.