Қазақстанда жыл басынан бері 2 200-ден астам заңсыз қару тәркіленді: оның 162-сі қаңтар оқиғасында ұрланған

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі заңсыз қару айналымына қарсы күресті күшейтті. Үш күндік «Құқықтық тәртіп» операциясы кезінде 188 атыс қаруы, 500-ден астам оқ-дәрі және сегіз граната тәркіленді. Бұл туралы ІІМ мәлім етті. 

Қазақстанда жыл басынан бері 2 200-ден астам заңсыз қару тәркіленді: оның 162-сі Қаңтар оқиғасында ұрланған
Фото: ІІМ

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2 200-ден астам түрлі қару тәркіленді, оның ішінде 190 дана криминалдық қару бар, оның 162-сі қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.

20-22 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Үш күн ішінде 188 атыс қаруы, оның ішінде 17 ойық ұңғылы, 125 тегіс ұңғылы және 46 өзге де қару, сондай-ақ әртүрлі калибрдегі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді.

— Мысалы, 20 қарашада Түркістан облысында полиция қызметкерлері Сарыағаш ауданы тұрғынынан ойық ұңғылы винтовка, тегіс ұңғылы шолақ мылтық, пневматикалық винтовка, белгі беру тапаншасы және әртүрлі калибрдегі 28 патрон тауып, тәркіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.

Ата кетейік, бұған дейін Қазақстанда заңсыз айналымнан 45 атыс қаруы мен 10 граната тәркіленген болатын.