Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 2077 адам мерт болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаев қаласында дүниежүзілік жол апаты құрбандарын еске алу күні өтті.


Алматы облысының полицейлері жол апаты құрбандарын еске алды. Олар жантүршігерлік апатқа ұшырап, тас-талқаны шыққан көліктерді қала көшелерімен алып өтті. Осылайша, тәртіп сақшылары жүргізушілерді тәртіпке шақырмақ.

Акция өңір тұрғындарын, оның ішінде белсенді жастарды жинады.
«Мұндай акциялар жол қозғалысының әрбір қатысушысының жеке жауапкершілігін сезінуге ықпал етеді және қайғылы жағдайлардың санын азайтуға көмектеседі», – деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов.

Қара жол қателікті кешірмейді. Жыл басынан бері республика жолдарында 2077 адам мерт болды.
Еске салайық, 12 қараша күні Алматы облысында жол апатынан бір жолаушы қайтыс болды.
