Қазақстанда жыл сайын кемінде 40 мың адам инсульт алады

АСТАНА. KAZINFORM - Жастар арасында инсульт жиілеп барады. Оның бірден-бір себебі энергетикалық сусындарға тәуелділік. Астанада өткен «Инсульт мектебі – 2025» ғылыми-практикалық конференциясына келген сарапшылар осылай деп дабыл қақты.

Қазақстанда жыл сайын кемінде 40 мың адам инсульт алады
Фото: Jibek joly бағдарламасының видеосынан скрин

Жыл сайын елімізде кем дегенде 40 мың адам инсульт алады. Оның 5 мыңы жүрек талмасынан кейін 10 күннің ішінде қайтыс болады. Тағы 5 мыңы 1 айдың ішінде көз жұмады. Мүгедек болып қалатындары да аз емес.

Инсульт алғандар арасындағы өлім-жітім жүрек ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Дертке шалдыққандардың 35 пайызы өмірмен қош айтысады. Ал 30 пайызға жуығында неврологиялық өзгерістер пайда болады. Көп жағдайда бұл тірек-қимыл аппараты жұмысының бұзылып, өз бетімен жүріп-тұрудан қалуы, сол сияқты сөйлеу, есте сақтау қабілеттерінің нашарлауы. Инсультті толық емдейтін дәрі әзірге жоқ. Бірақ оны тудыратын ауруларды алдын ала анықтап, болдырмаудың емі жетерлік.

​Инсультті тудыратын негізгі бірқатар ауру бар. Олар қан қысымының көтерілуі, қант диабеті және жүрек аурулары. Адамдар көп жағдайда осы ауруларға шалдыққанын байқай бермейді. Сондықтан емделмей ұзақ уақыт жүріп қалуы мүмкін. Соның кесірінен инсульттен зардап шегіп жатады. Сол секілді зиянды әдеттер, дұрыс тамақтанбау, ұйқының бұзылуы және шаршап-шалдығу да тікелей инсультке алып келуі мүмкін.

Дұрыс тамақтану аурудың алдын алатынын білсе де елемейтіндер көп. Мәселен, Қазақстанда тұз бен холестериннің күнделікті мөлшері қалыптан 2–3 есе асып кеткен. Бұл – инсульттің негізгі қауіп факторларының бірі. Статистикаға қарасақ жұрт тәулігіне 17 грамм тұз тұтынады. Ал, оның нормасы 5 грамм, холестерин де солай. Дәрігерлер ұсынған мөлшер 300 миллиграмм болғанымен, қазақстандықтардың тұтыну көлемі 400 миллиграммнан асады.

-​Тұздың бір жаман жері ол өзіне су тартатады да, қан қысымын көтеріп жібереді. Соның салдарынан инсульт алады. Содан кейін өте майлы тағамдар, холестерин де инсульттың бір себебі. 20 пайыз адам дәрі-дәрмекті ішеді, 80 пайызы ішпейді, - дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Бұл дертпен қазір бүкіл әлем күресіп жатыр. Еуропаның өзінде ауру 34 пайызға өскен. Жыл сайын жер бетіндегі миллиондаған адам осы дерттен көз жұмады. Әлемнің түкпір-түкпірінен мамандардың Елордаға жиналған себебі осы. Еуропалық ғалымдар кеселдің алдын алудың жаңа тәсілін ұсынды.

-​ Біз ауру көрсеткішін төмендету жолдарын іздеп жатырмыз. Осы бағытта жаңа жобаны бастадық. Оған Қазақстан да қосылуға ниет білдірді. Біз ұсынған жоба жүзеге асса онда 2030 жылға қарай инсультке шалдығу көрсеткішін 80 пайызға дейін түсіруге болады. Бүгін оның тетіктерін осы жиында жан-жақты талқылаймыз,-деді Литва инсуль қауымдастығының басшысы Александр Зеленский.

Қазір елімізде бұл дертпен күрес орталықтары жетерлік. Сапасы да жақсы, құралдар толық жаңартылған. Бірақ, азаматтарымыз көбіне Өзбекстан мен Қырғызстан елдерін таңдауда. Біріншіден, бұл қып-қызыл шығын, екіншіден шет ел асып барған мамандардың көбі біздің мемлекетте оқып кеткендер, дейді сарапшылар.

Айта кетейік, инсульттің емі алғашқы 4 жарым сағат ішінде ғана пайдалы. Одан кейінгі әрекеттерден үміт аз.

Осыған дейін денсаулық сақтау инфрақұрылымының цифрлық картасы әзірленіп жатқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар