Қазақстанда жылқы етінің бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform агенттігің тілшісі жылқы еті бағасының қай өңірде арзан екенін білді. 

мясо
Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Елімізде жылқы еті жай ғана ет емес. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тарих, дәстүр және мәдениет. Той, отбасылық басқосу және аса қадірлі қонақтардың алдына мол дастархан жайып, жылқы етін ұсынады.

Диетологтардың айтуынша, жылқы етінің адам ағзасына пайдасы мол әрі диеталық ет қатарына кіреді. Ақуызға, темірге бай және құрамында В тобының дәрумендері бар. Ағзаға тез сіңеді, сиыр мен қой етіне қарағанда құрамында май, холестерин аз.

Мамандардың айтуынша, диеата ұстайтын адамдарға, өз денсаулығын күтетін жандарға жылқы еті пайдалы. Сондықтан балаларға, ересек адамдар, ауырып, ем алып жүргендерге жылқы етін жеу ұсынылады.

Жылқы етінің тағы бір артықшылығы — бағасы. Қазақстанның көп өңірінде сиыр етіне қарағанда жылқы етінің бағасы төмен. Сондықтан жылқы еті өзгеге қарағанда көпшілік үшін қолжетімді. Қалаларда жылқы етінің келісі 2 500-7 000 теңге аралығында.

Жылқы етін жіліктен сатып алса арзанға түседі. Ал жая, кесек ет қымбат. Сонымен бірге ысталған ет бағасы жоғары. Соғым бағасы арзан. Өйткені адамдар соғымды бүтіндей немесе бөлшектеп сатып алады.

Еліміз бойынша жылқы етінің бағасы Қостанай қаласында арзан. Келісі 2 500 теңгеден басталады. Алайда мұндай арзан етті тек шаруалардан сатып алуға болады. Ал супермаркеттер мен арнайы ет дүкендерінде баға 3 400 теңгеден басталады.

Ақтау қаласында еттің келісі 2 700 теңге, Қызылорда мен Павлодарда 2 900 теңгеден басталады. Кейінгі екі қалада мұндай төмен бағаны тек ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінен таба аласыз. Ал дүкен мен супермаркетте баға 3 300 — 3 800 теңге.

Жылқы етінің бағасы Орал (3 000 тг), Ақтөбе (3 200 тг), Түркістан (3 300 тг) және Петропавл (3 400 тг) қалаларында сәл жоғары. Ал соғымның келісін 2 700 — 2 800 теңгеге сатып алуға болады.

Қазақстандағы жылқы етінің орташа бағасы — 3 500- 3 600 теңге. Мұндай бағадағы етті Өскемен, Қарағанды, Жезқазған, Шымкент пен Астана қалаларынан сатып алуға болады. Бұл өңірлерде майсыз жаяның келісін 7 500 теңгеге сатады. Ал Көкшетау мен Талдықорғанда жылқы етінің бағасы 3 800 теңге және одан жоғары.

Ал Таразда жылқы етінің келісі 4 300 — 4 700 теңгеге сатылады. Дүкендердегі орташа баға — 4 500 теңге. Өзге өңірлермен салыстырғанда бұл қымбат. Ал Алматы қаласында жылқы етінің бағасы өте жоғары. Мұнда келісі — 7 000 теңге.

Қазақстанда жылқы етінің бағасы қанша
Фото: Kazinform

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қазы бағасы қанша екенін білдік

Соңғы жаңалықтар