Қазақстанда жоғары технологияның көмегімен ота жасау 3 есе артқан

«МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды. Жүйені енгізе бастаған кезде пандемия басталып кетті. Осыған орай МӘМС қызметіне қатысты өзгерістер енгізілді. Сондықтан осыған дейін МӘМС жүйесі толық көлемде жүзеге аспады. Соған қарамастан МӘМС-ті енгізу денсаулық саласына қосымша қаржы көзін тартып, қаржыландырудың 80 пайызға дейін артуына септігін тигізді. Қаржыландыруды арттыру медицинаның барлық саласына қатысты. Яғни, бұрын-соңғы мән берілмеген салаға қаржы бөліне бастады», - деді Ажар Ғиният елордада өткен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел барысында.
Сондай-ақ, министрдің мәлімдеуінше, МӘМС жүйесі медициналық қызметтің қолжетімді болуы мен оның аясын кеңейтуге мүмкіндік берді.
«Профилактикалық тексеру мен медициналық оңалту 2 есеге өсті. Консультациялық-диагностикалық қызмет 7,7 пайызға артып отыр. Сонымен қатар стационарлық көмек 54 және жоғары технологиялық медициналық қызмет 62 пайызға артқан. Одан бөлек МӘМС-тің арқасында амбулаторлық қызмет пен жоспарлы ота жасау уақыты қысқарды. 2019 жылдан бастап жоғары технологияның көмегімен жасалатын ота көлемі 3 есе артқан», - дейді ол.
Бұған дейін ведомство басшысы елімізде адам өлімінің 5 пайызға дейін азайғанын айтқан еді.
Айта кетейік, елордада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қызметіне арналған дөңгелек үстел өтіп жатыр.