Қазақстанда жол апаты жиілеп бара жатыр ма

АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі уақытта елдегі ақпарат құралдары жол апаты жайлы жаңалықтарды жиі жариялап тұрады. Расымен де Қазақстанда жыл сайын жол апатынан мыңдаған адам көз жұматыны жасырын емес. Ал себебіне келгенде тараптардың пікірі әртүрлі: жолдың сапасыздығы, автокөліктердің тозуы немесе жүргізушілердің жауапсыздығы. Kazinform тілшісі осы мәселені жан-жақты саралауға тырысты.

Жол апаты
Коллаж: Kazinform

30 жыл ішінде 86,5 мың адам көз жұмды

Тақырыптың Қазақстанда өзекті болып тұрғаны сонша, биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тақырыпқа арнайы тоқталып, жол апаттарының астарында шешімін таппай жатқан көп мәселенің барын аңғартқан еді.

Әуелі сандарға тоқталсақ, ҚР Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 1992-2022 жыл аралығында 86 509 адам жол апатынан қаза тапқан. Демек, орта есеппен жыл сайын 2,9 мыңға жуық азаматтың опат болғанын байқаймыз.

Дегенмен кейінгі жылдарда жол апаты мен одан қаза тапқандар бұрынғыға қарағанда азайған. Әрине, қазір де мәселе өзектілігін жоймады, ақпарат ағынының көбеюі әсерінен жағдай тым күрделі секілді көрінеді. Мәселен, 1991 жылы 4 342 адам жол апатынан қайтыс болған, бұл - 2023 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 2,2 еседей көп. 2013 жылды қоса алғанда жыл сайын көз жұматындар 3 мыңнан төмен түспеген. 2014 жылдан бастап қана көрсеткіш аздап бәсеңдеді – 2 585 адам. Қалған жылдарда деңгей қандай болғанын төмендегі кестеден көре аламыз.

жол апаты
Фото: Kazinform

Сапасыз жол ма, жауапсыз жүргізуші ме

Биыл мамырда Ішкі істер министрлігі жыл басынан бергі 4 айдан аса уақыт ішінде жол апатынан 542 адам көз жұмып, 7 мың адам әртүрлі жарақат алғанын мәлімдеді. Дәл осы тұста ведомство жол апаттарының көбеюіне елдегі жолдардың сапасыздығы себеп болғанын алға тартқан екен.

Қазақстанда жалпы автожолдардың ұзындығы - 95 мың шақырым, оның 25 мың шақырымы республикалық жолдардың еншісінде. Көлік министрлігі 2024 жылдың алғашқы 6 айында еліміз жол құрылысында рекорд орнатқанын жария еткен еді. 12 мың шақырым жол жөнделген, оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті желілік жолдар. Осындай позитивті сандарға қарамастан, қала арасын жалғап жатқан жолдардың сапасы әлі де толық жақсармады. Бұл тұста халық Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының ауданаралық, құрылысы ондаған жылдар бойы айтылса да, бітпей келе жатқан Қызылорда-Жезқазған тасжолын жақсы біледі.

Елдегі жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғамға қауіп төндіріп қоймай, мемлекеттің имиджіне, соның ішінде туристік әлеуетіне кері әсер етеді. 2023 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орынға тұрақтады.

Алайда бәрін жол сапасына жаба салуға болмайды. Айналып келгенде мәселе жүргізушілердің жауапкершілігінде. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы жол апаттарының 96,3 пайызы, 2021 жылы – 93,7 пайызы, 2022 жылы – 86,8 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болған. Әлем елдерінде де осындай үрдіс, жүргізушілерден жауапкершілік талап етіп, заң нормаларын қатаңдатқандар көп болғанымен, көрсеткіштер айтарлықтай азаймай отыр. Былтыр көрші Ресейде жол апатынан 14,5 мың, Өзбекстанда 2,3 мыңға жуық адам көз жұмыпты.

Жол жөндеу
Фото: Көлік министрлігі

Кей сарапшылар апат 5,5 есеге көп болғанын айтады

Бұдан кейін біз автосақтандырумен айналысатын компаниялардың деректеріне сұрау салған едік. Олардың да өз айтары бар екен, мысалы, «Еуразия» сақтандыру компаниясының сарапшылары Мемлекеттік кредиттік бюродағы сақтандыру төлемдеріне қарап, 2023 жылы Қазақстанда кемінде 90 мың жол апаты болғанын айтады. Бұл – ресми деректен 5,5 есе артық. Елде 5 миллионнан аса автокөліктер бар десек, өткен жылы соның 3 пайызы жол апатына ұшыраған.

– Әдетте апат жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуынан болады. Бірақ бәрін жүргізушілерге жаба салу тағы негізсіз. Көліктердің біразы тозды, оның үстіне жол инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамымаған.

Көп жолдардың жүктемесі тым артық, өткізу деңгейіне сәйкес келмейді. Соның әсерінен кейбіреулер қарсы жолаққа шығады. Ел бойынша бағдаршам жетіспейтін жолдар бар, салдарынан жаяу жүргіншілер зардап шегеді.

Негізі жол-көлік оқиғалары мен қаза тапқандарды азайту – стратегиялық міндет. Сондықтан жол қозғалысы ережелеріне бақылауды күшейтіп, тек жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруды ғана емес, инфрақұрылымды жаңғыртуды қолға алу қажет. Қалалардағы жол қозғалысына көзқарасты өзгерткен абзал, жылдамдық режимін төмендетіп, Vision Zero қағидатын енгізген жөн. Тағы бір мәселе – автомобиль паркін мейлінше жаңартқанымыз дұрыс, – деп жауап берді компания өкілдері сауалымызға.

Дәрігерлер энергетик сусындардан көреді

Көлік министрлігі 2025 жылдан бастап рулі оң жақта орналасқан автокөлік иелерінің такси қызметін атқара алмайтынын мәлімдеді. Ол үшін қала аралық тасымалда танымал Индрайвер, Яндекс компанияларымен келісім жасалған. Бұл да жол апаттарын азайтуға септессе игі. Әйтпесе алыс жолдарда апатқа түсіп жатқан көліктерді қарасақ, рулі оң жақта орналасқан Toyota Alphard секілді көліктер екенін жиі байқаймыз.

энергетикалық сусын
Фото: Pexels

Ал дәрігерлер жол апатының кезекті себебі ретінде энергетикалық сусындарды атап отыр. Қала арасында такси арқылы жол жүргендер болса, көбінің ұйқысы қанбаған күйі жүретінін және басым бөлігінің энергетикалық сусындарды ішетінін көргені анық. Дәрігер-терапевт Надир Нарзулланың айтуынша, осы сусындардың кесірінен жүргізушілер жолда көлікті басқара алмай қалып жатады.

Надир Нарзулла
Фото: Н. Нарзулланың жеке мұрағатынан

– Жол апатының көбеюінің бірінші себебі – энергетикалық сусындар. Көбі назар аудармайды, энергетикалық сусындарды шығарушы компаниялардың өзі «жүйке жүйесі қозған адамдарға тыйым салынады» деп ескерткен. Жүйке жүйесі қозған адамдарға кімді жатқызамыз? Мәселен, неврология бойынша ұйқысы қанбаған немесе ұйқысы дұрыс болмаған адамдар осы санатқа кіргізіледі. Елімізде такси жүргізушілері ұйқысы қанбаған күйі энергетикалық сусын алып жолға шыға беретінін жақсы білеміз. Бұл сусынның ішіндегі L-карнитин және кофеин заттары жүйке жүйесін толықтай блоктайды. Жүргізушінің көзі ашық, сөйлеп, әңгімелесуі мүмкін, бірақ өзін басқара алмайтын күйде болады. Адам мұны сезінбеуі мүмкін, шынында барлығы өз бақылауында болмайды, – деп жеткізді маман.

Қорытындылар болсақ, біз мәселенің өзектілгін жоймай отырған бірнеше фактордың барын көрсеттік. Кейбірін инфрақұрылымды дамыту арқылы, заң нормаларын қатаңдату арқылы шешуге болар, бірақ жүргізушілер жауапкершілікті сезінбейінше, өзгеріс аз болатыны даусыз.

Соңғы жаңалықтар