Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы әкімшілік жауапкершілік күшейтілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің заңнамасындағы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласына қатысты өзгерістер жолдардағы ахуалды тұрақтандырып, жол-көлік оқиғалары мен олардан зардап шегетіндердің санын азайтады, деп хабарлады ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінен.

Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы әкімшілік жауапкершілік күшейтілді

Жол қозғалысына қатысушылардың кінәсінен қаза тауып және зардап шегу фактілері бойынша құқық бұзушылықтың 8 құрамы бойынша айыппұл санкциялары өсті. Автокөліктерді мас күйінде жүргізгендігі үшін жауапкершілік күшейтіледі. Жылдамдықты асырғаны, қиылыстар немесе жолдың кесіп өту бөлігінде жүру ережесін бұзғаны, көлікті жол жүру ережелеріне қайшы қойғаны, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостансаны пайдаланғаны үшін айыппұлдар сомасы өсті.

«Жолдың қарсы бағытына шығып кеткені, сондай-ақ полиция қызметкерінің автокөлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін автокөлік құралын жүргізу куәлігінен айыру енгізілді», - делінген хабарламада.

Ведомствоның атап өтуінше, айыппұл сомасын белгілеуде жолдағы апаттардың төмен деңгейі тіркелген елдердің халықаралық тәжірибесі ескерілген.

Айта кетерлігі, 2012-2013 жылдары аралығында Қазақстанда жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы күрт өсіп кеткені байқалды. Мәселен, 2013 жылы бақылау-өлшеу техникалық құралдары түсіріп, тіркеген жол қозғалысы ережесінің бұзылуы шамамен - 90, оқиғалар 65, жарақат алғандар саны 71 пайызға өскен.