Қазақстанда жол салатын білікті мамандар жетіспейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің жол саласында көптеген проблема бар. Қате жоспарлаудан бастап, өңірдің ауа райын ескермеу, құрылыс кезінде сапасыз материалдарды пайдалану мәселелері тағы бар. Елді мекендердегі автомобиль жолдары мен көшелердің жай-күйі жұртшылық тарапынан да, Мемлекет басшысы тарапынан да жиі сынға ұшырайды. Салаға қатысты тағы бір проблема - білікті мамандардың жетіспеушілігі. Осы орайда автожол мәселелерін шешудің жолдары мен мүмкіндіктері туралы ҚазАқпарат тілшісі мамандармен тілдескен еді.
None

Халық жолдарды не үшін сынайды ?

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының мәліметінше, отандық жолдардың сапасына қатысты өткен жылы масс-медиада 900 сыни материал жарияланған. Әлеуметтік желілерде 2 700 негативті жарияланым (айына 225-тен астам) шықты. Жарияланым астындағы пікірлер саны 456 мыңға жетті, оның 95%-ы сыни бағытта. Қазақстандықтар, әсіресе, жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты жиі шағымданады екен.


Өз кезегінде сала мамандары автомобиль жолдарына қатысты сынды орынды деп мойындайды. Саладағы қордаланған дағдарысты сандар да дәлелдеп отыр. Елімізде халық тығыз орналаспаған, сондықтан жол желісінің тығыздығы бойынша әлемнің дамыған елдерінен едәуір артта қалып отырмыз.


Қазақстанда шамамен 157 мың шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 25 мыңнан астамы республикалық маңызы бар жолдар, ал 70 мың шақырымы облыстық және аудандық деңгейде және 62 мың шақырым елді мекендер көшелері. Жол желілерінің орташа тығыздығы мың шаршы шақырымына 58 км құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ-та 12, ал Германияда 31 есе жоғары.

Сонымен қатар, автомбиль саны бойынша алшақтық бар. Бізге қарағанда АҚШ-та жан басына шаққанда көлік төрт есе көп. Айтар болсақ, елімізде 100 адамға 22-ден астам автомобиль, АҚШ-та 100 адамға 89 көліктен келеді. Жалпы алсақ, 19,7 миллион қазақстандықта шамамен 4,5 миллион көлік бар, ал 332 миллион америкалықтың 278 миллион көлігі бар.


Елімізге қатысты оң факторлардың бірі – транзиттік және логистикалық әлеует жоғары. Қазақстан аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында. Бірақ, жолдардың ұзындығы бойынша 32-орынға жайғасқан. Сапа жағынан өкінішке қарай, тізімнің соңғы жағында - 118 елдің ішінде 93-орындамыз.

Сарапшылар жол мәселесіне қатысты бірнеше фактордың барын айтып отыр. Бұл ел аумағындағы климаттық жағдайдың әртүрлілігі, ауыр жүктердің әсері, жолдарды дұрыс жобаламау, сыбайлас жемқорлық фактілері, қызметкерлер біліктілігінің төмендігі және салада кадр жетіспеушігі.


Елімізде неліктен автожол мамандары жетіспейді ?

Қазір елімізде 607 студент автожол мамандығын меңгеріп жатыр. Осы орайда сала өкілдері егер мамандарды тиісті деңгейде даярламасақ, жуырда жолсыз қалатынымызды айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, көлік жолын жобалайтын, салатын және жөндейтін мамансыз қаламыз.

Бүгінде еліміздің 8 жоғары оқу орны жол саласы мамандарын даярлайды. Атап айтқанда, Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институты, Д. Серікбаев атындағы ШҚО техникалық университеті, Сәтбаев университеті, Қазақ қатынас жолдары университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Логистика және көлік академиясы, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті.

Десек те салада кадр тапшылығы сезіліп отыр. Л. Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Гүлсім Еспаева кадр даярлаудағы проблеманың бірін жіктеудегі өзгерістермен байланыстырды.

«Мысалы, 2004 жылы автомобиль жолдары, көпірлер мен жер асты жолдарын және ғимараттар мен құрылыстарды салу мамандықтары біріктірілді. Бұл автожол саласында біліктілік деңгейінің төмендеуіне алып келді», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, егер бұрын ЖОО-ға гранттар мамандықтар бойынша бөлінсе, енді білім беру бағдарламаларының топтары бойынша берілуде. Бұл өз кезегінде білім беру гранттарының топ ішінде біркелкі бөлінбеуіне әкеледі. Мысалы, қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс тобында гранттар жалпы құрылыс мамандарын даярлайтын 23 ЖОО арасында орта есеппен 10-15 бағдарламаға бөлінеді.

«Соңғы 10 жылда елімізде автокөлік мамандығы бойынша магистратураны небәрі 253 адам бітірді. Ал докторантура бойынша бірде-бір мемлекеттік грант бөлінген жоқ», - дейді Гүлсім Еспаева.

Осы орайда маман жол салуда кадр тапшылығының осы күннен сезіліп жатқанын айтып отыр.

Қазақстанда автожол білімінің тарихы 1958 жылы республикадағы жалғыз бейінді жоғары оқу орны Өскемен құрылыс-жол институты ашылған кезде басталды. Кейін автожол мамандығы бойынша аса тапшылық туындады. Сосын 1978 жылы Алматыда жалпы техникалық факультет ашылып, онда бірден 200-ге жуық студент қабылданды. Одан әрі 1991 жылы Алматы автомобиль-жол институты құрылды. Аталған оқу орны 5 жыл ішінде жоғары білікті жолшыларды даярлап шықты. Автомобиль институтының бір ғана курсында 200 студент, жалпы 5 курс бойынша 1000 студент оқып шықты.

1996 жылы аталған ЖОО Алматы теміржол көлігі инженерлері институтымен біріктіріліп, М. Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы (ҚазАТК) болып құрылды.

Сарапшылардың пікірінше, екі оқу орнын біріктірген кезеңде саладағы үздік білім беру дәуірі де аяқталды. Болон жүйесі жылдары мамандықтар мен нақты біліктілік бойынша нұсқау жоғалып кетті, сол сияқты бейіндік дайындық пен пәндер қысқарды. Сондықтан мәселені кешенді түрде шешу керек.

«Көлік құрылысы» бағытын жеке ашып, «автомобиль жолдары мен әуеайлақтар құрылысы», «темір жолдар құрылысы», «көпірлер мен көлік тоннельдерін салу», «газ - мұнай құбырлары мен газ-мұнай қоймаларын салу» топтарына бөлу қажет», - дейді қазақ автомобиль-жол институтының бірінші проректоры Гүлсім Еспаева.

Сондай-ақ, отандық мамандарды даярлау жүйесін, Еуроодақ елдерімен прагматикалық түрде салыстыру қажет. Атап айтқанда, әлемге өзінің үлгілі автобандарымен танымал Германияда құрылыс және көлік инженериясы деген бөлініс бар. Айтпақшы, аталған сала бойынша білім өте беделді болып саналады.

Ұлттық жол активтері сапасы орталығының бас директоры Замир Сағынов студенттерді оқытуға өндірушілерді шақыру керек деп санайды.

«Отандық жоғары оқу орындарында практикалық білім жетіспейді. Білім беру өндіріс процесіне бағытталуы керек. Ал оқу бағдарламалары жұмыс берушілермен келісілуі тиіс. Бірде-бір білім беру мекемесі дайын жол маманын әзірлеп шыға алмайды. Сондықтан оқу орындарында дәрісті жол салушылар оқығаны абзал. Практикалық тапсырмалар зертханаларда өткізіліп, ал жұмыс берушілердің сөзі қорытынды емтиханда шешуші рөл атқаруы керек», - деді ол.

Оның мәлімдеуінше, сапалы жолды сала өндірушілері ғана қамтамасыз ете алады.

Автомобиль жолдарын сал у да – өнер

Замир Сағыновтың жол саласында 30 жылдық тәжірибесі бар. Сондықтан салаға қатысты мәселелерді ұзақ уақыт талқылауға дайын. Айтуынша, аталған процесс өте қымбат, күрделі әрі көп уақыт қажет. Жолды жобалау кезеңінде жер бедері зерттеледі, ол бірнеше климаттық аймақтар, ландшафт, геология және учаскелердің гидрологиясы болуы мүмкін.

«Сауатты жобалау болашақ проблемаларды болдырмауға мүмкіндік береді. Сондықтан, болашақ жолдың жобасын жасамас бұрын, қозғалыс қарқыны мен көлік ағынын болжау керек. Бұл ретте көптеген фактор ескеріледі. Яғни, өңірдің климаттық және географиялық жағдайы, қоршаған ортаны қорғау, жануарлардың көші-қон жолдары, трасса жоспарының геометриялық элементтері, автомобиль жолының бойлық және көлденең бейіні, жол құрылыстары, электр беру және байланыс желілерінің тіректері», - деп түсіндірді З. Сағынов.

Оның айтуынша, дайындықтың келесі сатысы – далалық кезең. Оған геодезистер кіріседі. Олар жеке учаскелердің өлшемін, қандай көлбеу бұрышы қажет екенін, қандай геологиялық және ландшафтық ерекшеліктерді ескере отырып жаңбыр суын қайда орналастыру керек, жолдың бұрылыстарының саны, жер асты жұмыстарының көлемі болашақ жолдың сапасы мен қауіпсіздігін есептеп дәлдікті қамтамасыз етеді.

Дайындықтың барлық кезеңі аяқталғаннан кейін жер жұмыстары басталады. Жол төсемінің басты жауы - су, сондықтан қауіптің алдын алу үшін су өткізгіштер салынады. Мұнда гидрологтардың қатысуы қажет, содан кейін ғана сіз топырақ төсеуге кірісе аласыз. Топырақтың дұрыс тығыздалуы -жолдың беріктігіне кепіл.

«Қазір топырақпен жұмыс істей алатындар аз. Университеттер бұл материалдың қасиеттері туралы терең білім бермейді. Одан әрі жағдай битумға қатысты. Жол төсеміне бірнеше рет көтерілген жүктемелерге төтеп бере алатын сапалы битум қажет. Жол салу материалдарының барлық ерекшеліктерін түсіну - жолшылардың міндеті. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі мамандар оның техникалық және физикалық сипаттамаларын толық түсінбейді. Бұрын автожолдар мен әуеайлақтарды салу жөніндегі маман жолдарды жобалау, салу, жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстармен қоса, гидрология мен геодезияға дейін толық кешенін орындайтын еді», - деді Замир Сағынов.

Сарапшы атап өткендей, кезінде жол маманы саланың егжей-тегжейін меңгерген адам болатын. Қазіргі білім салалық дайындықты қысқартты. Соның салдарынан елімізде жол салумен көбіне біліктілігі жоқ кадрлар айналысады.

Статистика не дейді ?

Жол активтері сапасы ұлттық орталығының талдауы бойынша елімізде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері мен басқармалары қызметкерлерінің тек 10%-ның ғана осы салаға қатысты білімі бар.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек ресурстарын дамыту орталығы АҚ зерттеуіне сәйкес, елімізде жол мамандары жоғары сұранысқа ие. Өткен жылы сұранысқа ие мамандықтардың үштігіне құрылыс және монтаждау жұмыстарының шеберлері кірді (1,7 мың бос жұмыс орны). «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтері бойынша, құрылыс саласындағы мамандардың тапшылығы өткен жылы 8 256 адамды құрады, ал басқа салаларда сұраныс жүздеген орыннан аспайды.

Осы орайда қажетсіз мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждерге сарапшылардың көңілі толмай отыр. «Атамекен» ҰКП сарапшыларының деректері бойынша отандық ЖОО түлектерінің 60%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді.

Ақсаусақ тардың дәуірі өтті

Мемлекет басшысы кадрлар даярлау мәселесінде басымдықты техникалық мамандықтарға баса көңіл бөлу қажет екенін айтты. Президенттің айтуынша, оқу орындары еңбек нарығының нақты қажеттілігіне назар аударуы керек.

«Ақсаусақтар мен кеңсе қызметкерлерінің уақыты өтті. 1990-2000 жылдары жұрттың бәрі заңгер, экономист болғысы келетін. Қазір тренд басқа. Оксфорд университетінің болжамы бойынша бүгінгі кәсіптердің шамамен 50%-ы жойылады. Олардың қатарында нотариус, заңгер, бухгалтер, несие маманы, банк операторы, кассир, аудармашы, турагент және басқалар бар. Болашақта құрылысшылар, мұғалімдер, бағдарламашылар, биохимиктер, вирусологтар сұранысқа ие болады», - деді З. Сағынов.

Айтпақшы, жол құрылысы саласында көптеген бос жұмыс орны бар, онда жақсы жалақы төленеді. Бұл - болашақтың кәсібі. Осы туралы оқушыларға ұлттық жол активтері сапасы орталығының қызметкерлері үнемі айтып отырады.

«Болашақ мамандықтар, ресурстық ойлау, жол салу тәсілдері және автожол мамандығының артықшылықтары туралы біз оқушыларға кәсіптік бағдар беру дәрістерінде айтып береміз. Жол саласы мамандарының беделі арта түспек. Өйткені, солай болу қажет», - деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының басшысы.

Ұлттық сапа орталығы мамандары жастармен кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Бүгінде мекеме қызметкерлері елімізде оқушылармен 5000-нан астам кездесу өткізді. Сонымен қатар аталған орталық елордадағы республикалық физика-математика және BINOM SCHOOL мектебімен меморандумға қол қойды. Сапа орталығының зертханаларында оқушыларға ашық есік күндері жиі ұйымдастырылып тұрады. Онда балаларға жолдың жай-күйі іс жүзінде көрсетіледі, оларға қызық.

2025 жылға қарай республикалық автожолдар желісін (шамамен 25 мың шақырым жол) әлемдік сапа стандарттарымен сәйкестендіру жоспарлануда. Бұл - ұлттық экономиканың басым саласы. Қордаланған мәселелерді дереу шешу керек. Ең алдымен, автожол мамандығын еліміздегі стратегиялық мамандықтар тізіміне енгізуге болады.


Соңғы жаңалықтар