Қазақстанда жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңартылмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2030 жылға дейін жолаушылар вагондарының 90 пайызын жаңарту жоспарланып отыр. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов Астана — Алматы бағытындағы жаңа Stadler вагондарын іске қосу рәсімінде айтты.

Қазақстанда жолаушылар вагондарының 90 пайызы жаңартылмақ
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Қазір біздің паркте әртүрлі вагондар бар. Олардың арасында 1993 жылы шығарылған ескі вагондар да кездеседі. 2030 жылға дейін мұндай вагондар қолданыстан алынады. Stadler және Петропавл қаласында шығарылған вагондар есебінен жолаушылар вагондары паркінің 90 пайызы жаңартылады, — деді Әнуар Ахметжанов.

Оның айтуынша, вагон паркін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Қазіргі уақытта «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін барлығы 557 жолаушылар вагонын жеткізу жоспарланып отыр. Олардың қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды.

Еске салайық, бүгін, 11 қарашада Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы Астана — Алматы бағытына жолға шықты. Жаңа құрам №¾ «Нұрлы жол — Алматы-2» бағыты бойынша күн сайын қатынайды.