Қазақстанда жолбарыс бейнеленген банк картасы шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2027 жылы жолбарыс бейнеленген банк картасын шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Тұрлов айтты.
Жаңа карта Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру жобасына орай шығарылмақ. Компания «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы елде жолбарыстарды қайта көбейту бағдарламасына қолдау көрсетіп келеді.
— 2027 жылы Freedom компаниясы жолбарыс бейнеленген «Тұран» атты арнайы банк картасын шығаруды жоспарлап отыр. Карта арқылы төлем жасағандарға 10 пайыз кешбэк беріледі. Бұл бастама Қазақстанда жолбарыстарды көбейту жобасын ұзақ уақыт қолдауға бағытталған. Осылайша, банк клиенттері де табиғатты қорғауға және жолбарыстарды қалпына келтіру жұмысына үлес қоса алады, — деді ол.
Атап айтқанда, компания қазақстандық мамандардың Ресейде білім алуына, «Іле-Балқаш» резерватына қажетті жабдықтар сатып алуға және жолбарыстарды тасымалдауға көмектескен.
Еске салайық, биыл «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Үміт және Амур атты екі жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Қазақстанда бұл жыртқыштар 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген еді.
Бұған дейін Қазақстанға әкелінген алғашқы жолбарыс өз бетінше аң аулап жүргенін жазғанбыз.