Қазақстанда жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің биобанкі құрылуы мүмкін

«Сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында инспекторларды мерзімді ротациялау жүйесі әзірленіп жатыр. «Охотзоопром» ӨБ РМҚК материалдық-техникалық базасын жаңартылып, бейнетіркеу жүйелерімен жарақтандыру жұмыстары жүруде. Қорғаныс кеудешелері, кісендер, резеңке таяқтар, автокөлікті мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғылар сатып алынды. ҚР ІІМ-мен бірлесіп «Охотзоопром» инспекторының түрлі жағдайларға іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Одан басқа, ІІМ құқық бұзушыларды ұстау негіздері, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі нормаларын қолдану, қару ұстау қауіпсіздігі, тактикалық-арнайы даярлық қағидалары бойынша арнайы оқу бағдарламасын әзірледі. 2019 жылдан бастап ІІМ оқу орталықтарында «Охотзоопромның» 315 инспекторына оқу курстары өткізілді», - деді Д. Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл жол жүрісі қағидаларына толықтырулар енгізілді және көліктер арнайы жарық, дыбыс сигналдарымен жабдықталып, арнайы түсті-графикалық схемалары бойынша боялуы қажет.
«Автокөліктердің түстік графикалық схемалары біздің инспекторларды мемлекеттік органның өкілдері ретінде сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Уәкілетті орган ведомствосының, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың және мамандандырылған ұйымдардың материалдық-техникалық құралдарын жарақтандыру нормативтері әзірленді. Бұл нормативтерде автомотокөлік және жүзу құралдарымен және басқа да мамандандырылған құралдармен: ұшу аппаратымен, эхолотпен, тепловизормен, түнде көру құралдарымен жабдықтау көзделген», - деп атап өтті спикер.
Сонымен бірге, Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арасында киіктің трансшекаралық таралымдарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөнінде келісімге қол қойылды.
«ҚР БҒМ «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК-мен биоалуантүрлілікті сақтау үшін Қазақстанның сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің биобанкін құру мәселесі пысықталуда», - деді Д. Тұрғамбаев.