«Қазақстанда жұмыс жасау қызықты бола түсуде» - ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы А.Кельчевский

АНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Мұратбек  Мақұлбеков/ - Қазақстан келесі жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін болады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сөйлеген сөздерінде әлденеше рет атап өткеніндей, бұл лауазымға сайлану Ұйымның мүше-елдері тарапынан көрсетіліп отырған жоғары сенімді білдіреді.
None
None

Президент барлық мемлекеттік құрылымдарға мұқият әзірленуді, барлық күш-жігерді алдағы 2010 жылдағы жұмысқа жұмылдыруды тапсырды.  Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы міндеттерін ойдағыдай атқару үшін қолдан келгеннің бәрін істеп, осы арқылы өзінің беделін және халықаралық саясатқа ықпалын нығайтуы тиіс. Біздің тілшімізбен әңгімесінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының басшысы Александр Кельчевский Қазақстандағы жағдайға өзінің пікірін білдірді, оның төрағалығы кезіндегі басымдықтары туралы әңгімелеп берді.

- Александр Никитич, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы алдағы төрағалығына байланысты біздің елімізде әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Елбасы Н.Назарбаев жуырда Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бұл орайда Қазақстандағы заң шығару үдерісі сапасын арттыра түсу үшін  ЕҚЫҰ қатысушы елдері парламенттерінің жұмыс тәжірибесін пайдалану қажеттігін атап өтті. Сіздің пікіріңізше, заңнамалардың қай тұсында еуропалық стандарттардан алшақтық айқын көрінеді?

- Әрине, мен сіздің Президенттің ұсынысын түсіндіріп жатпаймын, менің ойымша, бұл жерде әңгіме еуропалық стандарттардан айырмашылық жөнінде емес, Парламент жұмысы үдерісі туралы болса керек. Батыстық парламенттердің жұмыс тәжірибесі, шынында да, қазақстандық парламентшілерге пайдалы болуы мүмкін. Айталық, батыстық парламенттер депутаттары азаматтық қоғам өкілдерімен диалогты қалай жүргізіп отырған зерделеп көруге болар - бұл жұмыс қатаң регламенттелген. Қазақстан Парламенті жұмысындағы бұл бағытты расында да, күшейте түскен дұрыс болар еді.

Астанадағы біздің орталық бұл орайда көмек көрсете алады, дегенмен,  одан да Қазақстан Парламенті өкілдері кіріп отырған ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясын пайдаланған дұрыс болмақ. Тұтастай алғанда, қазақстандық депутаттар мен Парламенттік Ассамблея арасындағы ынтымақтастықты күшейту жөнінде әлденеше рет айтылып жүр. Ұйымға алдағы төрағалыққа байланысты мұндай ынтымақтастық бұрынғыдан да өзекті болмақ.

- Осы кезге дейін ЕҚЫҰ тарапынан Қазақстанға азаматтардың құқықтары, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы және басқалар сияқты гуманитарлық өлшемдерге көңіл бөлініп келді. Сіз Қазақстанның экономикалық саладағы заңнамаларына назар аударып жүрсіз бе? Сіздің пікіріңізше, ол нарықтық экономика талаптарына қаншалықты сәйкес келеді?

- Біздің Ұйымның сипаты мынадай: тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселелері осы проблеманы құрайтын барлық мәселелерді біртұтас қарастырады. Барлық өлшемдер де - гуманитарлық, экономикалық және әскери-саяси мәселелер де маңызды. ЕҚЫҰ экономикалық саладағы қауіпсіздікті қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан қарастырады. Сондай-ақ елдер мен олардың арасындағы қатынастарға қауіп туғызатын экономиалық құбылыстар мен үдерістердің әлеуеттік қауіптеріне де назар аударылады.

Біз Қазақстандағы гуманитарлық өлшемдерге баса назар аударып отырмыз деп айта алмаймын. Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі сияқты сіздің елдегі жағдайдың да өзінің ерекшеліктері бар. Кеңестік менталитеттен демократиялық үрдіске қарай үлкен жолды жүріп өту қажет. Адам құқықтарын қорғау жағынан ғана емес, азаматтық қоғамдық дамыту тұрғысынан да. Біз жағдайды біздің әріптестеріміздің өтінішімен зерделейміз - олар мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері болуы мүмкін. Біз өздігімізден заңнамаларға мониторинг және сараптама жүргізбейміз. Ал экономикаға келетін болсақ, бұл тұрғыда ЕҚЫҰ-ның осы саладағы заңнамаларға белгілі бір көзқарастары бар. Алайда, тұтастай алғанда, экономикалық үдерістерді реттейтін заңнамалар неғұрлым аз болса, солғұрлым жақсы. Мемлекеттің араласуы азайса, кәсіпкерліктің еркіндігі артады, жалпы алғанда еркіндік көп болады деген сөз.  

- Қазақстан үшін бүгінгі таңда ЕҚЫҰ жұмысындағы экономикалық-экологиялық өлшемдер айрықша маңызды, сондықтан да ел басшылығы бірнеше мәрте атап өткеніндей, бұл Ұйымға төрағалықтың негізгі басымдықтарының бірі болмақ. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы өкілдігі Ұйым шешуге көмек пен жәрдем бере алатын  Қазақстандағы экологиялық проблемаларға мониторинг жүргізе ме?

- Негізгі басымдықтар туралы айтатын болсақ, әзірге бағдарлама әлі ұсынылған жоқ, сондықтан да олар туралы айту әлі ерте. Бірақ та қазірдің өзінде сіздің еліңіз көлік пен транзитке қатысты барлық мәселелерді ілгері жылжыту ниетін мәлімдеді. Қазақстан ЕҚЫҰ үштігінде биылғы жылдың өзінде экономикалық-экологиялық форум өткізуге жауап береді, ал бұл форумның бірінші бөлімі қазанның 12-13-і күндері Астанада конференциямен ашылғалы отыр. Оған көлік, трансшекаралық пункттер және транзит туралы маңызды мәселелер тақырыбы қамтылады, өйткені олар сіздер үшін өте маңызды - Қазақстан арқылы Еуропа мен Азияны жалғастыратын басты жолдар өтеді. Жақында үлкен жобаны жүзеге асырудың салтанаты өтті - Батыс Еуропа мен Батыс Қытайды жалғастыратын ірі транзиттік дәліздің құрылысы басталды. Бұл салтанатқа сіздің Президент қатысты. Әрине, мұндай жобаны жүзеге асыру көп уақытты - 15-20 жылды қажет етеді, дегенмен Дүниежүзілік банк қазірдің өзінде несие ұсынып отыр. Бұл өте маңызды жоба, Қазақстанның төрағалығы кезінде бұл оның позицияларын күшейте түсетін болады.

Ал енді экологияға қатысты айтар болсақ, біз әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесуді күшейтіп отырмыз. Атап айтқанда, Арал теңізінің жағдайы. Сіз білесіз, ағымдағы жылғы сәуірдің  аяғында, Алматыда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті. Сіздің Президент өз сөзінде ЕҚЫҰ-ның  осы аймақтағы рөлін атап өтті. Ол бізге белсендірек жұмыс жасауды ұсынды, бұл ұсынысқа жауап ретінде біз Аралды құтқарудың халықаралық қорымен ынтымақтастыққа әзір екенімізді білдірдік. Жуық арада осы ұйыммен тиісті меморандумға қол қойылатын болады.

Әрине, жұмыстың басқа да маңызды бағыттары бар. Жақында мен Атырауда болдым, мұнда әкімдік пен Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, сондай-ақ «Экофорум» үкіметтік емес ұйымдарының  қолдауының арқасында біз Атырауда Орхус орталығын құру туралы меморандумға қол қойдық, ол облыста ғана емес, бүкіл Каспий аймағындағы экологиялық жағдайды қадағалап отырады. Жұртшылыққа мұнай өндіруші комппаниялардың қызметі туралы барлық ақпараттар беріліп отырады. Егер адамдар олардан зардап шектік деп санайтын болса, онда олардың мұнай өндіруші кәсіпорындардың әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар. Орталық Азияның басқа елдерінде және Кавказда да осындай орталықтар бар. Қазақстанда бұрын мұндай орталық болған жоқ еді, енді қыркүйектің 21-інде алғашқы орталық ашылды.

- Соңғы кездері Қазақстан заңнамаларында бірқатар өзгерістер болды, оған ЕҚЫҰ өкілдері тарапынан жағымсыз пікірлер айтылды. Атап айтқанда Парламент Интернетті реттеу мәселелері бойынша заңнамаға енгізген түзетулер хақында. Сіз бұл саладағы заңнамалық талаптарды жұмсарту қажет деп санайсыз ба?

- ЕҚЫҰ сөз бостандығына, соның ішінде Қазақстандағы осы мәселеге зор көңіл бөліп отыр. Сіз білесіз, ЕҚЫҰ-да белгілі бір құрылым - БАҚ бостандығы мәселелері бойынша өкіл бар. Бұл өкіл ЕҚЫҰ барлық мүше-елдеріндегі  сөз бостандығы жағдайын қадағалап отырады. Ол жыл сайын баяндама жасап, оның пікірінше, сөз бостандығын дамытуға маңызды көзқарастарын білдіреді. Бұл, әсіресе бұрынғы кеңестік мемлекеттердегі демократияландырудың және азаматтық қоғамды дамытудың маңызды құрамдас бөлігі . Біз сөз бостандығына ғана емес, жауапкершілігі бар сөз бостандығын ілгері жылжыту мәселесіне де зор көңіл бөлеміз. Өйткені бұрынғы кеңестік кеңістіктегі журналистердің өзінде де тәжірибе жеткіліксіз, сондықтан да біз арнайы тренингілер мен семинарлар өткіземіз. Журналистиканың кәсіпқойлығын арттыру қажет, сонда ғана БАҚ өздерін өздері реттеп отыра алады. Батыста бұл салада өзін-өзі реттеп отыру жолға қойылған. Сіздерде де бұл бағыт дами бастады.

Ал Интернетті реттеу мәселелері бойынша заңнамаларға түзетуге қатысты ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы бойынша өкілі біздің көзқарасымызды білдірді. Біздің ойымызша, интернет-ресурстарды бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестіру дұрыс емес. Біз өзіміздің алаңдаушылығымызды білдірдік, одан әрі бұл түзетулер қалай қолданылатынына мұқият назар аударып отыратын боламыз.  

- Келесі жылы Қазақстанда қандай жаңа жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыз?

- Биылғы жылы бізде 60 ірі жоба болды, келесі жылы да 60-65 жоба болмақ. Олардың бәрі де біздің мемлекеттік құрылымдардағы әріптестерімізбен келісілген. Олар ЕҚЫҰ қызметінің барлық қырларын қамтиды: әскери-саяси мәселелер; экономикалық-экологиялық; сыбайлас жемқорлықпен, ақшаны жылыстатумен, ұйымдасқан қылмыспен күрес; гуманитарлық өлшемдердің барлық блогы, оған заң шығару қызметі де кіреді. Неғұрлым кәсіби, тәуелсіз  сот билігін ілгері жылжыту сияқты маңызды бағыттар да бар. Біздің жобаларымыз адам құқықтарына және сөз бостандығына, бейбіт жиындар бостандығына қатысты. Осы салалардың барлығында да көптеген жұмыстар күтіп тұр.     

Тұтастай алғанда, өте күрделі үрдістер жүріп жатыр. Тұтас  қоғамды қайта құру үрдістері жүріп жатыр. Сіздің қоғам жақында ғана кеңестік жүйенің шекпенінен шықты, сондықтан да бәрін бірден өзгерту мүмкін емес. Мүмкін бұл іс бірнеше ұрпаққа созылар. Сондықтан да біздің жұмысымыз дәйектілікті қажет етеді. Біз әріптестерімізді еуропалық тәжірибемен таныстырғымыз келеді. Біз өз пікірімізді таңбаймыз және өзімізді үлгі ретінде ұсынбаймыз, дегенмен қалай болғанда да біз біраз жолдан өттік. Бірқатар бұрынғы кеңестік кеңістік елдері де біраз жолдардан өтті, олардың тәжірибесімен де танысуға тұрады. Бұл арада сіздің елдің, Орталық Азия елдерінің өкілдері тіке мағынасында да, ауыспалы мағынасында да бір тілде сөйлейтінін, ауызбіршілігін атап өткім келеді. Сіздерде ортақ нәрселер көп. Сондықтан да бұрынғы кеңестік елдер өкілдері қатысқан шаралар қашан да жемісті өтіп жүр.

- Сіз ынтымақтастығыңыз ойдағыдай болып отырған белгілі бір құрылымдарды атай аласыз ба?

- Тұтастай алғанда, біздің Қазақстандағы барлық әріптестерімізбен ынтымақтастығымыз жақсы. Айталық, біздің Ішкі істер министрлігімен бірлескен жұмыстарымыз өте жемісті. ІІМ басшылығында реформа жасауға, бұрынғы сүрлеуден арылуға тырысатын адамдар жеткілікті екенін көріп отырмыз. Әрине, бұл жүйеде бұрынғы мұралар сарқыншағы сақталған. Адамдардың ділі өзгеруі үшін уақыт керек. Бұл ішкі істер органдарына да, қарапайым азаматтарға да қатысты. Біз сондай-ақ Қорғаныс, Қоршаған ортаны қорғау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік және коммуникация министрліктерімен, Жоғарғы сотпен және Бас прокуратурамен және басқаларымен ойдағыдай жұмыс жасап келеміз. Біздер әрқашан диалогқа ұмтылып отырмыз, бұл жөнінен Қазақстанның көптеген елдерден оң ерекшеліктері көп. Сондай-ақ мемлекеттер құрылымдар және үкіметтік емес сектор арасында ұдайы ашық диалог жүргізілуде.

Тұтастай алғанда, мүмкін, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға алдағы төрағалығына байланысты болар, барлығы да бізбен қарым-қатынас жасауға ықылас білдіруде, бізбен жиі хабарласып отырады. Сондықтан да жұмыс істеу барған сайын қызықты болып келеді.  

- Сіз Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы елімізді одан әрі демократияландыруға ынталандырады деп санайсыз ба?

- Төрағалық Қазақстанның дамуына түрткі болады деп ойлаймын. Бұл сіздің елге де, Ұйым үшін де жақсы болар еді. Қайткенде де кейінге қарай шегіну болмайды. Біз Қазақстанның ойдағыдай төрағалық ететініне сенеміз және ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

- Әңгімеңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар