Қазақстанда жұмыспен қамтылған халықтың 37 пайызы шағын және орта бизнес саласында

Мәселен, 2015 жылдың үш тоқсанында осы саладағы жұмыспен қамтылғандар 3 млн. 214,9 мың адамды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өскен. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.
Ұлттық палатының мәліметіне қарағанда, тұтастай алғанда былтырғы жылы шағын кәсіпкерлік саласындағы жұмыспен қамту 12,5 пайызға, (1 108 мың адамға), ал орта кәсіпкерлікте -12,9 пайызға (352 мың адам) артқан. Бұдан бөлек, қазақстандық бизнестің басым бөлігін жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалықтары мен заңды тұлғалар формасындағы шағын кәсіпорындар құрап отыр.
«Қазақстанда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың 72 пайызын жеке кәсіпкерлер (ЖК), 14 пайызын шаруа және фермер қожалықтары, 13,6 пайызын шағын кәсіпкерліктер құрап отыр. Ірі кәсіпкерліктердің үлесі 0,1 пайызды ғана құрайды», - делінген баспасөз баянында.
Сонымен бірге, 2014 жыл мен 2015 жылғы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны біршама төмендегені байқалады. Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпрындардың үлесінің көптігіне қарамастан, ЖІӨ салымның қомақты үлесі ірі бизнестің еншісінде тұр. Мәселен, 2014 жылы ЖІӨ ірі кәсіпорындар үлесі 74 пайыз, шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 26 пайызды құрады.
2015 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің ең ауқымды үлесі сауда, құрылыс салаларына тиесілі.