Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу ережесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан қабылдау қағидаларына өзгеріс енгізу мәселесі пысықталып жатқанын хабарлады.
Ұсынылып отырған түзетулер рәсімдердің ашықтығын арттыруға және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, емтихан тапсыру әрекеттерінің санына қойылған шектеуді алып тастау көзделіп отыр.
Сондай-ақ практикалық емтиханды мерзімінен бұрын қайта тапсыру мүмкіндігі енгізіледі — әр 10 күн сайын ақылы негізде. Бұл ретте азаматтар үшін тегін қайта тапсыру құқығы сақталады — 30 күнде бір рет.
Сонымен қатар цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Емтихан қабылдау процесін автоматтандыру деңгейін арттыру және адам ықпалын барынша азайту бойынша шешімдер пысықталып жатыр.
ІІМ-де мұндағы басты міндет — көлік жүргізу дағдыларын объективті бағалауды қамтамасыз ету, баршаға тең жағдай жасау және кез келген заң бұзушылыққа жол бермеу екенін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өтті.