Қазақстанда жыл сайын 1 тоннадан астам ауған героині тәркіленеді - С.Күсетов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда жыл сайын 1 тоннадан астам Ауғанстаннан жеткізілетін героин тәркіленеді. Бұл туралы бүгін Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның есірткіге қарсы ведомство басшыларының жұмыс кездесуі барысында ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басшысы, әділет генерал-майоры Сұлтан Күсетов мәлімдеді.

Қазақстанда жыл сайын 1 тоннадан астам ауған героині тәркіленеді  - С.Күсетов

«Өкініштісі, Ауғанстаннан жеткізілетін героиннің көлемі азайды деп айта алмаймыз. Ол жеткізіліп жатыр. Біз жыл сайын 1 тоннадан астам ауған героинін тәркілейміз. Есірткі тасымалдаушылар біздің елді негізінен транзиттік мақсатта пайдаланатыны белгілі. Әрқашан да осылай бола береді. Біз оларды шекарамыз арқылы өтуге жол бермеу үшін тиімді шаралар қолдануымыз қажет», - деді С. Күсетов.

Сонымен қатар ол соңғы жылдары есірткі тасымалдаушылар теңіз жолын да пайдалана бастағанын жеткізді.

«Өткен жылы Қазақстанның шекарасына теңіз арқылы келіп жеткен жүкті тексеру барысында одан 118 келі ауған героині тәркіленді. Енді есірткі тасымалдаушылар біздің елге құрлық жолын қойып, теңіз арқылы да келе бастады. Біз бұған әрқашанда дайын болуымыз керек», - деді С. Күсетов.