Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады – дәрігер

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басқарма төрағасының орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар онкологы Ләззат Манжуова ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанда сирек кездесетін ауру түрлері жайында айтып берді.
None
None

– Ләззат Нұрбапақызы, қазіргі таңда балалар арасында сирек кездесетін қандай аурулар бар?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, қазір 100 мың халыққа шаққанда 50 жағдайдан аспайтын аурулар сирек деп саналады. Айта кету керек, әр ел өз критерийлерін белгілейді. Бұл кейбір этникалық ерекшеліктерге, емдік мүмкіндіктерге және тағы басқаға байланысты. Бұл бұйрық 66 түрлі нозологияны қамтиды. Сонымен қатар таралу, науқастарды емдеу мүмкіндігі сияқты параметрлерді ескереді. Бұйрықта орфандық (сирек кездесетін) аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізімі келтірілген.

Ресми деректерге сәйкес, яғни диспансерлік науқастардың электронды тізілімінде 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша әртүрлі сирек кездесетін аурулармен динамикалық бақылауда 13 мыңға жуық бала бар. Олардың ішінде жүйке жүйесінің аурулары бірінші орында, одан кейін балалардағы онкологиялық және гематологиялық аурулар, сонымен қатар балалардағы онкологиялық аурулардың барлық түрі сирек кездеседі деп айтуға болады. Өйткені бұл жағдайлардың жиілігі өте жоғары емес. Содан кейін аутоиммунды, эндокриндік аурулар бар.

– Қазақстанда қанша бала қатерлі ісікке шалдыққан?

– Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады.

– Олар толық жазылып кете ме?

– Жалпы, иә. Қатерлі ісік әртүрлі болады. Айта кетейік, бес жыл емделген балаларды балалар онкологы мен гематолог дәрігерлері бақылайды. Егер осы кезеңде ауру қайта басталмаса, онда бала тіркеуден шығарылады.

– Қазақстанда онкологиялық ауруларды қалай емдейді?

– Қазақстанда барлық негізгі қажетті медициналық қызмет көрсетіледі. Бізде химиотерапия бағдарламасы бар. Бұл белгілі бір дозада белгілі бір уақытта енгізілетін әртүрлі химиотерапиялық препараттардың күрделі көпкомпонентті кешені. Балалар ісігін емдеудің негізгі әдістері Қазақстанда жүргізіледі.

Балаларды емдеудің барлық түрлері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі. Орфандық дертке шалдыққан балалар қажетті емдеу түріне қарай амбулаториялық негізде дәрі-дәрмек ала алады. Мәселен, гемофилия сынды дертке шалдыққан балалар өмір бойы аптасына үш рет қан ұю факторын көктамыр ішіне енгізуі керек, ал мемлекет оларды дәрі-дәрмекпен 2005 жылдан бері қамтамасыз етіп келеді. Гоше және Мукополисахаридозбен ауыратын балалар 2011 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен емделуде. Өте қымбат дәрілер бар.

– Баланың иммунитеті күшті болуы үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Баланың иммунитеті күшті болуы үшін бала жасына қарай өсіп, дамуы керек. Яғни, жасына қарай тамақтануы тиіс. Баланың салауатты өмір салтына ерекше назар аударған жөн. Балаларды жақсы көру керек. Осы жеткілікті.

– Рахмет!


Соңғы жаңалықтар