Қазақстанда жыл соңына дейін алғашқы теңіз арқылы жүк таситын компания құрылады

Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан «Қазақстан - Жаңа Жібек жолы» атты II халықаралық көліктік-логистикалық бизнес форумы барысында «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Асқар Мамин мәлім етті.
Оның айтуынша, «Қазақстан - Жаңа Жібек Жолы» жобасы Еуразия континентіндегі жүк ағынын тартуға бағытталған халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық жүйенің құрылуын қарастырады. Ол үшін Қазақстан арқылы өтетін тиімді жеткізу арналарын қалыптасыру көзделген.
«2014 жылы жалпы ұзындығы 2500 шақырым темір жол желілері салынады. Жаңа желілер Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы халықаралық көліктік дәліздердің үйлесімділігін оңтайландыратын болады. Жыл соңына дейін Қазақстанда алғашқы теңіз арқылы жүк таситын компания құрылмақ. 2014 жылдың желтоқсан айында Ақтау портын кеңейту жобасы аяқталады. Әуежайлардың инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Екі жылдан кейін жеке сектордың қатысуымен А және В санаттағы көліктік-логистикалық желі толығымен қалыптасады», - деді А.Мамин.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағынан тыс жерлерде де қазақстандық экспортты жылжытудың орталықтарында көліктік-логистикалық кешендер желісі қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Қытайдың батысында орналасқан Ляньюньган портында терминалды инфрақұрылым құрылуда. Сонымен қатар Орталық Еуропадағы, Балтық және Қара теңіз аймақтарындағы, Парсы шығанағындағы жобалар қарастырылу үстінде.