Қазақстанда жылу электр орталықтары 2-3 жылда толықтай қайта жаңарады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі жылу электр орталықтары желісі алдағы 2-3 жыл ішінде қайта жаңартылады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қазір жылу электр орталықтары иелерімен бірлесіп инвестиция құю және қайта жаңғырту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Оның ішінде Екібастұздағы жылу электр орталығы да бар. Бұл бағыттағы жұмыс жүріп жатыр, уақыт керек, жағдай бақылауда. Екібастұздағы жағдайдың қайталанбауы маңызды. Алдағы 2-3 жылдың ішінде Екібастұз жылу электр орталығының барлық желісін қайта жаңартуымыз керек. Аталған жұмыс тек Екібастұзда ғана емес басқа қалаларда да жүргізіледі», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, ЖЭО қызметін қайта жаңарту жұмысы «Тарифтерді инвестицияға ауыстыру» бағдарламасы аясында және орталық иелерімен бірлесіп атқарылады.

«Мендегі бар ақпаратқа сәйкес бүгінде Екібастұздағы жағдай тұрақталды. Ол үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар