Қазақстандағы 2 банкте тәуекел деңгейі жоғары - Мәдина Әбілқасымова

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Қазақстанда жүргізілген қадағалау бағалауының нәтижесінде тексерілген 21 банктің екеуінде тәуекел деңгейі жоғары екені анықталды. Дегенмен жалпы банк секторының қаржылық тұрақтылығы сақталған және тәуекелдерге төтеп беруге жеткілікті капиталы бар.

Мадина Абылкасымова
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қадағалау тексерісі, стресс-тестілеу және халықаралық рейтингтік агенттіктердің бағалауының нәтижелерін айтты.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Қазақстанда банктердің тәуекелдерін бағалау жүйесі қалыптасқан. Ол бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, банктің бизнес-моделі мен тәуекелдерді басқару жүйесі бағаланады (SREP), активтерінің сапасы тексеріледі (AQR), сондай-ақ жыл сайын стресс-тестілеу жүргізіледі.

2025 жылы SREP бағалауы екінші деңгейлі 21 банкті қамтыды. Нәтижесінде 14 банкте тәуекел деңгейі төмен немесе орташа деңгейден төмен, 5 банкте орташа деңгейден жоғары, ал екі банкте жоғары екені анықталған. Реттеуші тәуекелі жоғары банктердің атауын жариялаған жоқ.

Сонымен қатар активтерінің көлемі бойынша ең ірі 11 банкке тұрақты түрде активтер сапасын бағалау (AQR) жүргізіледі. Бұл банктерге бүкіл банк секторы активтерінің 85%-ы тиесілі.

Тексеру қорытындысы бойынша бұл банктердің капитал жеткіліктілігі 17%-ға тең. Бағалауға дейін бұл көрсеткіш 18% болған. Ал стресс-тестілеу нәтижесінде капитал жеткіліктілігі 16,1% деп бағаланды. Екі көрсеткіш те буферлерді есептемегендегі ең төменгі нормативтік талаптан (5,5%) үш еседен астам жоғары.

2026 жылдың тоғыз айында банк секторының активтері 76,8–77 триллион теңгеге дейін өсті. Ал 90 күннен астам уақыт төленбеген кредиттердің үлесі (NPL 90+) 3,9 пайыз деңгейінде сақталды. Халықаралық рейтингтік агенттіктер де Қазақстанның банк секторындағы тұрақтылықты атап өтті.

2026 жылғы тамызда S&P агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін 2016 жылдан бері алғаш рет «BBB−» деңгейінен «BBB» деңгейіне көтерді. Болжамы – тұрақты. Агенттік бұл шешімін жүйелік тәуекелдердің төмендеуімен және банк секторының тұрақтылығымен байланыстырды.

Ал қыркүйекте агенттік Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекел бағасын (BICRA) «7»-ден «6»-ға дейін жақсартты. Бұған қаржы нарығын қадағалау саласындағы реформалардың нәтижесі негіз болған.

Бұған дейін 2027 жылдан бастап қазақстандықтарға банктермен арадағы дауларды шешуге ЖИ-көмекші көмектесетіні хабарланған еді.