Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің ауқымды құрылысын бастауға дайындық жүріп жатыр — Росатом басшысы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысы қашан басталатынын айтып берді.

 Алексей Лихачев
Фото: Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» халықаралық форумы

Оның сөзінше, қазіргі уақытта болашақ атом электр стансасының алаңында зерттеу жұмыстары аяқталып келеді. Техникалық жоба әзірленіп, келісімшарт құжаттамасы келісіліп жатыр.

— Біз алаңдағы зерттеу жұмыстары мен 12 ай бойы жүргізілетін бақылауды аяқтап, деректерді жобаға енгізіп жатырмыз. Техникалық жобаны жасау және келісімшартты аяқтау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Оған Владивосток қаласында қол қойылған болатын. Қазір нақтыланған ұсыныстар техникалық зерделеуді талап етеді, — деді Алексей Лихачев Антальяда өткен «Әлемдік атом күндері – 2026» халықаралық форумында.

Корпорация басшысы келесі жылдың басты міндеттерінің бірі - болашақ АЭС алаңында ауқымды жұмыстарға көшу екенін атап өтті.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа уәде еткеніміздей, біздің міндетіміз — келесі жылы алаңға шығып, толық ауқымды жұмыстарды бастау. Жеткізушілер, Қазақстан тарапынан бұл жұмысты жүргізетін бас мердігер, сондай-ақ осы консорциумның халықаралық қатысушылары анықталып қойды. Екінші кезеңді дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр, - деп атап өтті Алексей Лихачев.

Сондай-ақ ол келесі жылы қазақстандық БАҚ өкілдері АЭС құрылысы жоспарланып отырған Үлкен ауылындағы алаңға бара алады деген үмітін білдірді.

Еске салайық, биыл қыркүйек айында Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда үшінші АЭС салынуы мүмкін алаңдарды атады. Елдің шығыс және батыс өңірлерімен қатар, солтүстік бөлігі де қарастырылып жатыр.