Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы қандай болады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысындағы Үлкен ауылының маңында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысына бастау беру рәсімі басталып жатыр.

Құрылыс алаңына арнайы техника жеткізіліп, сондай-ақ Нововоронеж атом электр станциясының макеті орнатылған.
ҚР Атом энергетикасы агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда салынатын станция осы үлгіге ұқсас болады. Макетте көрсетілген № 6 энергоблок — әлемдегі 3+ буынына жататын алғашқы энергоблок.

Салтанатты іс-шараға ҚР Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысады деп жоспарланған.
Рәсім ұйымдастырылар жерде топырақ сынамасын алу үшін бұрғылау жұмыстары жүреді. Алынған капсуладағы үлгілер Ресей жағына зерттеу жүргізу үшін тапсырылады.

Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын аяқтау 2035–2036 жылдарға жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін «Росатом» компаниясы Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде анықталғанын жазған едік.