Қазақстандағы аумақтық қорғаныстың қағидаттары айқындалды - Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Заңы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы аясында Қазақстан Республикасы аумақтық қорғанысының құқықтық негіздері, мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалады, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдары мен азаматтарының өкілеттіктері, сондай-ақ олардың жауапкершілігі бекітіледі.
Заң жобасының мақсаты - Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде әрі соғыс уақытында қорғау.
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, бұл құжатта Қазақстан Республикасының қорғаныс жүйесі үшін «ерікті адам» деген және «өзін-өзі қорғау құрылымы» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Осылайша, Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде және соғыс уақытында өзін-өзі қорғау құралымдарына ерікті болып кіру мүмкіндігі көзделеді.
«Заң жобасында Қазақстан Республикасы аумақтық қорғаныс күштерінің жалпы құрамы айқындалады, оған құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары, Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар бөлген күштер мен құралдар, аумақтық әскерлер, арнаулы құралымдар мен өзін-өзі қорғау құралымдары кіретін болады. Қазақстан Республикасы аумақтық қорғаныс күштерінің аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз ету және аумақтық қорғаныс саласындағы заңнаманы бұзуға жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылауды жүргізу тәртібі белгіленеді», - делінген комитет мәліметінде.
Осыған дейін Мәжілістің жалпы отырысында «2025 – 2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылданды. Оның талаптарына сәйкес бюджеттің негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталады.