Қазақстандағы бриллиант нарығы: проблемалар мен перспективалар

АСТАНА. KAZINFORM – Бриллиант – бұл тек махаббат пен мәртебенің символы ғана емес, сонымен қатар миллиардтаған долларды қамтитын жаһандық экономиканың бір бөлігі. Алайда Қазақстан бұл салада әлі де елеулі рөл ойнап отырған жоқ.

а
Коллаж: Canva

Елдегі бриллиант нарығының қалыптасуына не кедергі, жалған мен табиғи тасты қалай ажыратуға болады және сертификатсыз сатып алу тұтынушыға қандай қауіп төндіреді – осы және өзге де сұрақтарға KAZINFORM агенттігі жауап іздеп көрді.

Нарықтың жағдайы

Ювелирлік бұйымдарға деген тұрақты сұранысқа қарамастан, Қазақстанда бриллиант нарығы әзірге жүйеленген сала ретінде қалыптаспаған. Себептері көп: елде жергілікті кен орындары мен бриллиант қырғыш ірі кәсіпорындар жоқ. Қымбат тастармен жұмыс істейтін отандық ювелирлік өндіріс көлемі де төмен.

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтың бағалауынша, отандық зергерлік өнімдер жылдық сатылым көлемінің 5 пайызынан аспайды.

– Ал нарықтың шамамен 90 пайызы көлеңкелі секторға, контрафактіге және контрабандаға тиесілі. Дәл нақты мәлімет беру қиын, бірақ сарапшылар шамамен осындай сандарды келтіреді. Ресми дерек бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы зергерлік бұйымдар нарығының көлемі 110 млн доллардан асты. Соның ішінде небәрі 1-5 пайызы ғана отандық өнім, – деді депутат.

Бриллиант нарығын іштен білетін мамандар да бұл деректерді растайды. GIA халықаралық геммологиялық қауымдастығының мүшесі, жоғары санатты сарапшы Игорь Грязновтың айтуынша, Қазақстанда толыққанды бриллиант нарығы жоқ.

– Елде бриллиант өндіретін ірі кәсіпорындар да, оны тұтынатын ауқымды ювелирлік компаниялар да жоқ. Туристік ағынның болмауы да өз әсерін тигізеді. Мысалы, Дубай немесе Ыстанбұлда сұраныс туристер арқылы қалыптасады. Ал бізде нарық қолөнер деңгейінде ғана, –дейді сарапшы.

Алмас бар, бірақ жарамсыз

Қазақстанда алмас қоры бар. Соның ішінде ерекше саналатыны Ақмола облысындағы Зеренді ауданына қарасты Құмдыкөл кен орны. Бұл – әлемдегі магмамен байланысты емес, метаморфогендік типтегі жалғыз кен орны.

Ресми бағалауға сәйкес, мұндағы қор шамамен 2,4 млрд каратты құрайды. Бұл көрсеткіш Ресейдің алмас алыбы – «Алроса» компаниясының қорыннан үш есе көп. Бірақ сандық артықшылық сапалық сипатқа кепіл болмай отыр.

Бұл техникалық алмаздар, яғни зергерлік бұйымдар жасауға жарамайды. Орташа өлшемі 0,15 мм-ге дейін ғана. Мұндай тастар бұрғылау, кесу, абразивтік өңдеуге қолданылады. Қазіргі таңда кен орны игерілмей отыр.

2000-жылдары қайта өңдеу жобасы қағаз жүзінде қалған. Жобаны қолға алған Qazaq Diamonds Ltd. компаниясы 11 млрд теңгеге фабрика саламыз дегенмен, 2022 жылдың соңына дейін уәделерін орындамады.

– Кәсіпорын лицензия шарттарын бұзғаны үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі оның лицензиясын қайтарып алды. Qazaq Diamonds компаниясының өкілдері бұл шешімге екі рет шағым түсіргенімен, екеуінде де ұтылды. Осыған байланысты жоба қазіргі таңда тоқтатылып, іске асырылмайтын болды, – деп хабарлады Зеренді ауданы әкімдігінен.

Мұндай өндіріс қымбат және синтетикалық алмастармен бәсекелесе алмайды. Себебі әлемдік техникалық алмас нарығының 99 пайызы зертханаларда жасалады.

– Егер қор көлемі жағынан салыстырсақ, Қазақстанда расымен де көбірек. Алайда шикізаттың сапасы мүлде басқа деңгейде. Бізде Якутиядағыдай кимберлит түтіктері жоқ. Ал зергерлік сападағы гауһарларсыз жүйелі нарық қалыптастыру мүмкін емес, – дейді сала сарапшылары.

Қазақстанға бриллиант қайдан келеді?

Елдегі барлық бриллиант – импорттық өнім. Жер қойнауынан алынғаннан бастап, өңделген тастарға дейін шетелден әкелінеді. 2023 жылғы ресми деректерге сәйкес, Қазақстан 3,78 млн долларға бриллиант импорттаған.

Сыртқы сауда бойынша OEC.world деректеріне сәйкес, Қазақстан 2023 жылы әлем елдері арасында 158 мемлекеттің ішінен гауһар тас импорттау бойынша 65-орынға тұрақтаған. Ел аумағына кіргізілген асыл тастардың жалпы құны шамамен 3,78 миллион АҚШ долларын құраған. Негізгі жеткізуші елдер қатарында Ресей (2,05 млн доллар), Бельгия (815 мың доллар), Біріккен Араб Әмірліктері (416 мың доллар), Үндістан (401 мың доллар) және АҚШ (36,8 мың доллар) бар.

– Аталған мемлекеттер әлемдік деңгейдегі гауһар тас саудасы мен өңдеудің басты орталықтары. Жалпы алғанда, алмаз нарығы жоғары деңгейде шоғырланған Дубай, Мумбай, Гонконг, Ыстанбұл, Нью-Йорк сынды ірі ойыншылар бар. Бізге ең жақын орналасқан жеткізуші Ресей. Бұл үлкен артықшылық, өйткені біз біртұтас кедендік кеңістіктеміз, ал бұл логистиканы жеңілдетеді, – деді сарапшы.

Ел ішінде гауһар тастар көбіне шағын зергерлік шеберханаларға жеткізіледі. Одан кейін сол жерден қарапайым тұтынушыларға тарайды.

Кімдер сатып алады?

Қазақстанда бриллианттың негізгі тұтынушылары ер адамдар. Көбіне сырға мен сақина ұсыныс жасауға, үйлену тойына немесе мерейтойға арналған сыйлық ретінде алынады.

Жеке тұтынушылар да бар олар зергерлік бұйымдарды өздері үшін немесе сыйлық ретінде сатып алады. Мәселен, мерейтойға, бала дүниеге келгенде, маңызды күнге орай. Дегенмен, жаппай сұраныс байқалмайды: нарық әлі де тар бағытты, ал тұтынушылардың талғамы барған сайын дараланып келеді.

– Бізде көбінесе сырға мен жүзік сатып алады. Бірақ соңғы уақытта адамдар эскизбен келіп, өздеріне арналған бұйым жасатуды жөн көреді. Көз тартар жылтырақтан гөрі мағына, символика мен қарапайымдылық артық бағаланады. Бұл үрдіс шамамен 15 жыл бұрын басталды, ауыр алтын шынжырлар мен мөржүзіктер сәннен кеткен кезден бастап. Қазір әсемдік пен бұйымға салынған идея бағаланады. Индивидуалды дизайнға қызығушылық артты. Адамдар эскиз, суреттермен келеді, тек өзінде ғана болатын ерекше бұйым жасауды сұрайды. Бұл жақсы үрдіс. Демек, нарық саналы таңдау мен даралануға бет бұрып келеді, – дейді Игорь Грязнов.

Соңғы уақытта сатып алушылар гауһар тастардың сипаттамаларына көбірек мән бере бастады. Алайда көпшілігі әлі де карат саны мен бағаға ғана қарап шешім қабылдайды.

Бриллиант бағасына не әсер етеді?

Көпшілік қателесіп, карат саны артқан сайын тас та қымбаттайды деп ойлайды. Алайда бұл – бағалаудағы төрт негізгі критерийдің (4С) тек бірі ғана.

– Ақ, таза гауһар тас болуы мүмкін, бірақ пішіні мен пропорциясы дұрыс болмаса, жарқырап тұрмайды. Ал түсі мен тазалығы орташа, бірақ қырланғаны мінсіз болса кез келген жарықта жарқырап тұрады. Мұндай тас қымбат тұрады. Сондықтан сатып алмас бұрын не үшін ақша төлейтініңізді біліп алған дұрыс, – дейді сарапшы.

Гауһар тастың құнын анықтайтын негізгі 4С формуласы – карат, түс, тазалық және қырлау сапасы. Алайда нарықтағы нақты бағаға бренд, маусым, сән трендтері мен тастың шығу тегі де әсер етеді.

– Бриллианты бар жүзіктің орташа бағасы шамамен 300 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін. Бұдан жоғарысы жеке тапсырыстар. Қазір адамдар көбірек біле бастады: тазалығын, түсін, қырын сұрайды. Дегенмен көпшілігі әлі де баға мен салмаққа қарап алады, – дейді Алматыдағы жеке зергерлік салонның шебері Айжан Жүнісова.

Бриллиант – инвестиция бола ала ма?

Гауһар тастар тек әшекей ретінде ғана емес, сонымен қатар инвестициялық портфельдің бір бөлігі ретінде де қарастырыла алады. Себебі олар инфляцияға ұшырамайды және ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде берілуге жарамды.

Алайда, Игорь Грязновтың айтуынша, бұл сала ұзақмерзімді инвестицияны қажет ететін күрделі бағыт.

– Бриллиант нарығы бұл қор биржасы емес. Мұнда тұрақтылық бар, бірақ қысқа мерзімді пайдаға жарамайды. Бүгін сатып алып, бір жылдан кейін үстемемен сату? Бұл салада ондай жүйе жұмыс істемейді. Бірақ сапалы тасты дұрыс бағамен алсаңыз, уақыт өте келе ол өз құнын сақтайды, кейде тіпті өседі, – дейді сарапшы.

Инвестициялық құндылыққа ең алдымен не әсер етеді?

Тастың бірегейлігі, халықаралық стандарттарға сай сертификаты және түсі, тазалығы, қырлануы мен салмағы. Егер бұл көрсеткіштер болмаса, ең әдемі тас та нарық үшін құнсыз болуы мүмкін.

Қазір инвестиция үшін одан да тұрақты нұсқа – сирек кездесетін түрлі-түсті асыл тастар: сапфир, зүбаржат, рубин. Олардың табиғи қоры өте аз, сондықтан құны тұрақты түрде өсіп келеді.

Ал бриллианттар көп көлемде өндірілетіндіктен, олар нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа тәуелдірек. Дегенмен, тастарды коллекциялайтындар да бар. Бірақ мұндай коллекционерлер мен инвесторлар Қазақстанда өте аз.

– Коллекционерлер ерекше үлгілерді іздейді. Олар үшін тастың қайдан шыққаны, тарихы мен сертификаты маңызды. Бізде мұндай ашықтық жоқ. Сондықтан Қазақстанда коллекциялық нарық жоқтың қасы. Біз бұл сегментті дамыту үшін инфрақұрылым мен кепілдік жүйесін құруымыз керек, – дейді геммолог.

Сараптамасыз – сенім жоқ

Ювелир нарығының дамуына кедергі болатын маңызды мәселе халықаралық стандарттар бойынша міндетті геммологиялық сараптаманың болмауы.

Қазақстан Республикасының «Қымбат металдар мен тастарды айналым саласын мемлекеттік бақылау туралы» заңына сәйкес, сертификаттау мемлекеттік лицензиясы бар зертханаларда жүзеге асырылуы мүмкін, бірақ GIA немесе HRD үлгісіндегі міндетті сертификаттау талап етілмейді. Бұл тұтынушылардың тастың шынайылығы мен сипаттамалары туралы объективті дәлел ала алмауы дегенді білдіреді.

Сонымен қатар нарыққа зертханаларда жасалған синтетикалық гауһарлар жиі түседі. Олар табиғи тастардан көзбен ажыратуға қиын және сараптама құжаты болмаса, шынайы тастар ретінде сатылуы мүмкін.

Синтетикалық бриллианттар: балама ма, әлде қауіп пе?

Синтетикалық бриллианттар – өнеркәсіптің алдында тұрған үлкен сын. Олар табиғи тастармен көзбен айырмасы жоқ, бағасы әлдеқайда төмен, сондықтан сатып алушылар үшін тартымды болып келеді. Алайда бұл қолжетімділік тәуекелдерді де алып келеді.

– Қазіргі кезде көпшілік, әсіресе жастар, бағасына көп көңіл бөледі. Ал синтетикалық және табиғи тастың бағасында көп айырмашылық көп. Синтетика инвестиция емес, ол құнсызданып, ломбардта қабылданбайды, отбасылық мұраға айналмайды, – дейді Грязнов.

Ол тәжірибесінде көптеген клиенттердің өзінің ерекше, әжеден қалған бриллиантқа ие деп сенетінін айтады. Гауһартастар жылдар бойы әулет арасында сақталып, отбасылық қазына ретінде қаралады. Бірақ сараптама көрсеткендей, көбінде бұл жай ғана фианит секілді синтетикалық тастар болады.

Синтетикалық тастар нарықта болуы заңды, бірақ тек ашық әрі дұрыс маркировкамен сатылған жағдайда ғана.

– Бұл тастар нарықта болуы заңды, егер олар шынайы жасанды ретінде сатылса. Әйтпесе бұл алаяқтық. Бізде алаяқтықты анықтап, тұтынушыны қорғап тұратын жүйе жоқ, – деп атап өтті геммолог.

Сондықтан жалған тастарды табиғи тастан ажырату өте маңызды.

Қалай ажыратуға болады?

Бриллиант – көзбен немесе қарапайым тұрмыстық әдістермен анықтауға келмейтін ерекше тас. Әсіресе CVD және HPHT әдістерімен зертханада өндірілген бриллианттарды табиғи тастан ажырату өте қиын. Ал фианит пен муассанитті тәжірибелі зергерлер оңай таниды.

Маманның айтуынша, табиғи бриллиант пен синтетикалықты дәл анықтау үшін арнайы зертхана диагностикасы қажет. Бұл тастар визуалды тұрғыда толық ұқсас, сондықтан оларды тек арнайы құралдар арқылы ғана ажыратуға болады.

Сертификат: кепілдік пе, әлде жай ғана қағаз ба?

Көптеген сатып алушылар зергерлік бұйымдармен бірге берілетін сертификатқа мән бермейді. Алайда мамандардың айтуынша, бұл – тастың шыққан тегін, сапасын және негізгі сипаттамаларын растайтын басты құжат. Әлемдік тәжірибеде GIA, HRD, IGI сынды ұйымдардың сертификаттары эталон саналады.

Қазақстанда болса, зергерлік дүкендер жиі өздері жасаған сертификаттарды тауармен бірге ұсынады. Бұл – мүдделер қақтығысы, дейді сарапшылар. Сонымен қатар елімізде бағалы тастардың түпнұсқалығын қадағалайтын бірыңғай мемлекеттік орган жоқ.

Көлеңкелі нарық: қауіп қайдан?

Қазіргі таңда әлемдік зергерлік нарықта жаңа қағидалар қалыптасуда – ашықтық, сертификаттау және тұрақты тұтыну. Мәселен, соңғы жылдары Өзбекстанда зергерлік бұйымдар шығаратын ресми өндірушілер саны он есеге артқан.

Ал Қазақстанда жағдай басқаша. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, елімізде зергерлік нарық жүйелі түрде қалыптаспаған.

– Біз бұл саланың жоқтығын қалыпты жағдай деп қабылдап, ешқандай әрекет жасамай отырмыз. Ал шын мәнінде, ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, экспортқа да шығуға болар еді. Қазақстан – әлем бойынша алтын мен басқа да қымбат металл өндіретін жетекші 20 елдің қатарына кіреді. Бірақ біз қайта өңдеуді дамытып, қосылған құн жасаудың орнына, шикізатты сатамыз да, дайын бұйымды сырттан сатып аламыз, – дейді депутат.

Айтуар Қошмамбетов сондай-ақ ресми өндірушілерге қойылатын талаптар қатаң болғанымен, Қазақстанда «көлеңкелі» нарықпен күрес жүйелі жүргізілмейтінін атап өтті.

Не қажет? Сарапшылар жүйелі реформа ұсынады

Бүгінде Қазақстандағы зергерлік сала шағын шеберханаларға негізделген, аудиториясы шектеулі, ал мемлекеттік қолдау жүйесі жеткіліксіз. Мамандар бұл жағдайды өзгерту үшін кешенді тәсіл қажет екенін алға тартады.

Салада шешімін күткен басты мәселенің бірі – халықаралық стандарттарға сай, тәуелсіз геммологиялық сертификаттау орталығын құру. Мұндай мекеме арқылы ел аумағында сатылатын асыл тастардың сапасы мен түпнұсқалығы дәлелденіп, тұтынушы құқығы қорғалар еді.

Сондай-ақ кадр тапшылығы да өткір сезіліп отыр. Қазақстанда геммолог мамандарын кәсіби түрде даярлайтын оқу орны жоқ. Қазіргі нарық сырт елдерде оқыған немесе өз бетімен үйренген мамандардың иығында тұр. Бұл кәсіби деңгейдің біркелкі болмауына және саланың жүйелі дамуына кедергі келтіреді.

Оған қоса, салықтық саясаттың өзі де заңды бизнесті тежеп отыр. Импорттық өнім немесе көлеңкелі нарықтағы тауар көбіне арзанырақ болғандықтан, тұтынушы таңдауын соларға жасайды.

– Егер бизнеске жағдай жасалмаса, заңды нарық ешқашан дамымайды, – дейді зергерлік сала өкілдері.

Бұған дейін, алтын құйма қалай құйылады – астанадағы зауыттан фоторепортаж ұсынғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар