Қазақстандағы бюджет тапшылығы: Дабыл қағарлық жағдай ма, қалыпты құбылыс па

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның 2024 жылғы бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 2,7%-ын құрады. Алайда қаржы сарапшылары бұны алаңдауға негіз боларлық көрсеткіш санамайды, себебі бүкіл әлем «борыштық экономика» жағдайында өмір сүріп жатыр. Kazinform тілшісі сарапшылар — Андрей Чеботарев және Расул Рысмамбетовпен тілдесіп, тақырыпты тарқатып көрді.

н
Коллаж: Canva

Халықаралық тәжірибе 

Қазақстан – жаһандық экономиканың ажырамас бір бөлігі, сондықтан оған әлемде болып жатқан күрделі қаржылық қиындықтар әсер етпей қоймайды. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) бұл қиындықтарға алдағы күнге болжамның «бұлыңғырлығы» себеп болып отырғанын мәлімдейді. Атап айтқанда, болып жатқан қарулы қақтығыстар, санкциялар мен тарифтік соғыстар жаһандық сауда-саттыққа салқынын тигізіп отыр.

ХВҚ болжамына сәйкес, 2025 жылы жаһандық мемлекеттік қарыз ІЖӨ-ге шаққанда тағы 2,8 пайыз өседі, ал осы онжылдықтың соңына қарай пандемия кезіндегі ең жоғары деңгейден асып, 100 пайызға жуықтайды.

Сарапшылар бұл жағдайда «алдымен бюджетті ретке келтіру керегін» айтады.

Еуроодақ елдерінде бюджет тапшылығы мәселесі қатаң қаржылық ережелер мен бақылау тетіктері арқылы шешіледі. Талапқа сай, бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 3%-ынан аспауға тиіс. Жоғарыда атап өткендей, өткен жылғы Қазақстанның бюджет тапшылығы ІЖӨ-нің 2,7%-ын құрағанын ескерсек, біздің ел ЕО-дағы талаптың үдесінен шығып отыр. Бұл Қазақстанның теңгерімді бюджет саясатын берік ұстанатынын көрсетеді.

Экономика, финансы, бюджет, бизнес
Фото: freepik.com

Еуроодақтың өз ішінде бұл мәселеге түрлі көзқарас бар: Германия сақтықпен әрекет етеді, ал кейбір елдерде бюджет тапшылығы шектен тыс жоғары. Олардың қатарында Франция, Италия, Бельгия, Венгрия, Мальта, Польша, Словакия және басқа да елдер бар.

Мысалы, Францияда биыл үкімет бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 5,4% деңгейінде ұстамақ. Бұл көрсеткішті 2026 жылы 4,6%-ға дейін төмендету үшін 40 миллиард еуроны үнемдеуге тура келеді. Италияда тапшылықты ІЖӨ-нің 3,3%-ына дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Әлемдегі алдыңғы қатарлы экономикалардың тәжірибесі көрсеткендей, бюджет тапшылығы – бұл әлсіздік белгісі емес, қалыпты жағдай. Тіпті дамыған елдердің өзі инфрақұрылымды дамыту мен экономикалық өсімді ынталандыру мақсатында шығындарын қарыз есебінен қаржыландырып отырады. Нағыз қауіп тек тапшылық бақылаудан шығып кеткенде, яғни оны жабу мүмкін болмай, қаржы тиімсіз жұмсалып, ысырапқа жол берілгенде туындайды.

андрей чеботарев
Фото: Андрей Чеботарев/Facebook

– АҚШ ондаған жылдар бойы тұрақты бюджет тапшылығымен өмір сүріп келеді, бірақ ешкім оларды банкрот болды демейді. Керісінше, бүкіл әлем доллармен есеп айырысады. Жапонияның мемлекеттік қарызы өте үлкен, бірақ олар технология мен инфрақұрылымды дамытуын тоқтатқан жоқ. Франция мен Италия жыл сайын тапшылығы бар бюджетті жоспарлайды, бірақ бұл оларға Еуроодақтағы ең ірі экономикалар қатарында болуға кедергі келтірген жоқ, – деді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Қазақстан қарызға қаржы алуға құқылы және алуы тиіс, бірақ бұл тек нақты, мұқият ойластырылған даму бағдарламалары аясында, төмен пайыздық мөлшерлемелермен және тұрақты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асуы керек. Мұндай жағдайда ол болашаққа салынған инвестиция саналады.

– Тапшылықпен қабылданған бюджет – бұл «сырқат» емес, симптом: кейде өсімнің, кейде қателіктің көрсеткіші. Бірақ тапшылықтың өзі қорқынышты емес, қорқыныштысы – бейберекеттік: қашан, неге, не үшін қарыз алынғаны және оны қалай қайтаратыны түсіндірілмеуі. Ал бәрі ашық әрі айқын болса, тапшылық қорқынышты емес. Ол ел үшін, халық үшін, болашақ үшін жұмыс істейтін тетік, – деді А. Чеботарев.

Сарапшы Расул Рысмамбетов те бұл ойды қолдай отырып, тапшылықтың өзі емес, оның тұрақтылығы мен мақсаты маңызды екенін айтты.

Расул Рысмамбетов
Фото: Kazinform

– Мысалы, АҚШ-та 2023 жылғы бюджет тапшылығы 6,3%-ды құрады, биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Жапонияда 7%-дан астам. Ал бізде – шамамен 3%. Дамыған елдердің барлығы дерлік бюджет тапшылығымен өмір сүреді. Бірақ біз үшін сандардан бұрын, тапшылықты басқару сапасы маңызды, – деді ол.

Тапшылықтың құрылымдық себептері

«Тапшылық» сөзін естісе, көп адамның көз алдына дағдарыс пен экономикалық қиындықтар келеді, елдің қаржылық жағдайы нашарлап барады деп ойлайды. Алайда кәсіби қаржыгерлер бұл ұғымға басқаша қарайды.

– Қазақстанда «тапшылық» дегенді естігенде, көпшіліктің ойында «қаржылық құрдым» бейнесі пайда болады. Қазына сарқылып, шенеуніктер шарасыз күйге түскендей, ал алда тек салықтың өсуі мен ХВҚ-ның ауыр талаптары күтіп тұрғандай күй кешеді. Бірақ бұл – үстірт түсінік. Қаржыгерлер үшін тапшылық – бұл әдеттегі жағдай. Адам денесінің қызуы секілді: 36,6 градус – қалыпты, 37 – өмір сүруге болады. Тек 40 болмаса болғаны. Қаржыгерлер тілімен айтқанда, тапшылық – бұл дабыл емес, экономиканың табиғи күйі. Әсіресе өсіп келе жатқан елдер үшін, – деді Андрей Чеботарев.

Сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Қазақстандағы тапшылыққа деген үрей посткеңестік кезеңнің тарихи және мәдени ерекшеліктеріне байланысты. Көпшілік үшін «тапшылық» сөзі тауар жетіспеушілігі мен тиімсіз басқарумен байланысты. Алайда қазіргі жаһандық экономикада бюджет тапшылығы қаржылық саясат құралы ретінде қарастырылады. Маңыздысы – қаражат қандай мақсатпен, қандай мерзімге және қандай шартпен алынатынын түсіну. 

– Коммуникациялық тұрғыдан алғанда, жағдайды бірден түсіндірген дұрыс. Бюджет тапшылығы – бұл мемлекеттің алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сәл өршіл жоспарлары бар деген сөз, яғни «өсімге арналған жоспарлау» екенін жұртқа сауатты жеткізу керек, – деді Р. Рысмамбетов.

Сарапшы тапшылықты отбасылық мысалмен де түсіндірді: егер уақытша шығындар кірістен асып кетсе – бұл дағдарыс емес. Бастысы – қаржылық тепе-теңдікті қалпына келтіру жоспары болу керек. Мұндай жағдайда сол отбасы несие ала алады, бұрын жинаған ақшасын пайдаланады немесе біреуден қарыз сұрайды. Егер есеп-қисап болашақта пайда түсетінін көрсетсе, бұл қалыпты жағдай. Мемлекеттік бюджет те солай – бастысы, қаражат қайда жұмсалып, қалай қайтарылатынын білу.

– Тіпті кейбір сарапшылардың өзі мемлекет тек тапқан ақшасын ғана жұмсап, үнемдеуі тиіс деп санайды. Бірақ шындық мынада: біз «борыштық экономика» жағдайында өмір сүреміз. Елдер тапшылықты дағдарыс кезінде (экономиканы қолдау үшін), ірі жобаларды қаржыландыруда (инфрақұрылым, қорғаныс, білім), әлеуметтік күйзелістерде (пандемия, соғыс, табиғи апаттар) қолданады, – деп түсіндірді Р. Рысмамбетов.

Как Китай стимулирует население «тратить деньги»
Коллаж: Canva

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан соңғы жылдары ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр – ішкі, сыртқы «соққылар» көп болды. COVID-19 пандемиясы кезінде мемлекет әлеуметтік қажеттіліктерге орасан қаражат бөлді: 4,5 миллионнан астам азаматқа қаржылай көмек көрсетілді, 1 миллионнан астам адам азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Коммуналдық тарифтер төмендетілді. Қажетті отбасыларға қосымша көмек берілді. Бизнестің салықтық жүктемесі де азайтылды.

Өткен жылы бұрын-соңды болмаған су тасқыны болды – бұл кезде де мемлекет азаматтарды көмексіз қалдырған жоқ. Бір реттік әлеуметтік көмек пен өтемақылар төленіп, 9 156 үйге жөндеу жүргізілді. Бұл мақсаттарға 54,7 млрд теңге бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бұл – мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін құрайтын әлеуметтік шығындардың бір бөлігі ғана.

Қорыта айтқанда, елдің қаржылық жағдайына әлемдегі саяси ахуалдан бастап табиғи апаттарға дейін түрлі ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Дегенмен, Қазақстан бұл сын-қатерлермен лайықты түрде күресіп отыр деуге болады – елдің қаржылық-бюджеттік тұрақтылығы халықаралық өлшемдерге толық сәйкес келеді. Ең бастысы – мемлекет өз әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап келеді.

Осыған дейі Олжас Бектеновтің сарапшылармен экономиканың даму мәселелерін талқылағаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар