Қазақстандағы элиталы мектеп оқушыларының 8 пайызы ғана кедей отбасынан шыққан – Дүниежүзілік банк
Дүниежүзілік банктің аға экономисі Самсу Рахарджа Қазақстандағы элиталы мектептердің жалпы орта білімнің сапалы болуына пайдасын тигізе алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның мемлекеттік қаржысына жасаған шолуын таныстырды. Шолудың негізгі мазмұнын баяндаған Самсу Рахарджа білім беру саласындағы кейбір жағымсыз тенденцияларға тоқталды.
«Қазақстанда білім беру саласына бөлінген ақшаның кенет өскенін көруге болады. Бұл өте жақсы бағыттағы даму. Өйткені білім деген дамудың өте маңызды аспектісі. Бірақ бізге осы шығындарды көбейте отырып сапалы білім алуға жақсы жағдай жасау маңызды. Сапалы білімге бәрінің қолы жету керек.
Бұл неге маңызды? Бұған дейінгі жүйе «үшке» оқитындардың қалың нөпірі мен ат төбеліндей «озаттарды» қалыптастырды. Бұл озаттардың Назарбаев зияткерлік мектебінің жүйесінде оқуға басым мүмкіндігі бар. Pisa зерттеуінің қорытындысын көрген шығарсыздар. Оқушылар сұраққа жауап бермек түгіл, оның мағынасын түсінуге сауаты жетпеген. Жалпы білім беретін мектептердегі оқушылардың 67 пайызы «сауатсыз» ретінде көрсетілген. Ал үздік мектептердің оқушылары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының орташа көрсеткіштерінен жақсы көрсеткіш байқатқан. Бірақ бұл жалпы мектептердің жағдайын көрсетпейді», - деді ол.
Экономист мұның бәрі өткен жүйеден қалған «мұра» екенін атап, жүйені жақсарту жағын ойлау керегін айтты.
«Елдегі элиталы мектептерге баратын оқушылардың 8 пайызы ғана халықтың төменгі қабатындағы отбасынан шыққан. Яғни, әлеуметтік мәртебесі бойынша төменгі қабатта тұрған 40 пайыздың ішінен шыққан. Бұл жерде біз элиталы зияткерлік мектептер жалпы оқушылардың білімін сапалы етуге көмектесе алмай отырғанын көреміз», - деді Самсу Рахарджа.