Қазақстандағы ең биік көпірдің құрылысы келесі жылы аяқталады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда орналасқан елдегі ең биік таулы көпірдің құрылысы жаңа қиындықтарға тап болды. Енді жобаны аяқтау мерзімі келесі жылға шегерілді. Мұның себебіне Kazinform тілшісі үңіліп көрді.

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Алтай ауданындағы Пихтовка шатқалы арқылы өтетін көпір Осинов асуын айналып өтетін негізгі жол болмақ. Ұзындығы 175 метрден, ал биіктігі қырық метрден асады. Көпір дайын болғаннан кейін екі жағындағы дайын жол учаскелерін біріктіреді. 

- Көпір пайдалануға берілгеннен кейін халық қауіпсіз жолмен жүретін болады. Ондаған жыл бойы адамдар әсіресе қыста жол азабын тартып келген. Сол үшін ең әуелі көпір сапалы болуы тиіс. Себебі таулы аймақ болғаннан кейін ауа температурасы құбылып тұрады. Біз барлық жұмыстың жоғары деңгейде орындалуын жіті қадағалап жатырмыз, - деді «Казавтожол» ҰҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Құрылыстың тағы да уақылы бітпеуіне көпір тіреулерін орнатуға шұңқырлар қазған кездегі жер қабатының біртекті болмауы себеп болып отыр. Бастапқыда геологтар шатқалдағы жер қабаты бірқалыпты деп есептеген. Алайда құрылыс басталғанда жердің асты тегіс болмай шықты. Сол себепті көпірдің іргетасын жобадағыдан тереңірек орнату қажет болған. 

- Біз жобалау барысында тіректерді орнату үшін төрт метрден артық қазылмайды деп естептегенбіз. Ал іске келгенде он метрге, тіпті кейбір жерлерінде одан да терең шұңқыр қазуға тура келді. Себебі біз межелеген тереңдікте құм, саз немесе бос қуыстар кездесті. Ал тіреуді әлсіз қабатқа орната алмаймыз, сондықтан әрі қарай тереңдеп қаздық, - дейді мердігер мекеме басшысы Александр Андрейчук.

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Өз сөзінде ол жобалаушылар мұндай ерекшеліктерді алдын ала болжай алмайтындығын жеткізді. Осындай мәселелер әркез қазу жұмыстары басталғанда шыға бастайды. Қазір барлық тіректер берік тұр, тұтастай монолиттан құйылды. Бұл өте сенімді конструкция. 

Қателіктерді қайталамас үшін Жол активтері сапасы ұлттық орталығының инженерлері жиі тексеріс жасап тұрады. Мамандар бетоннан, материалдардан сынама алып, беріктігін тексереді. 

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

- Бұл көпірдің құрылысы күрделі. Соған орай біз сапалы жұмыс болуы үшін әр кезең сайын тексеріс жасап отырамыз. Кез келген кішкентай қателіктің өзі үлкен қиындыққа әкеп соғуы мүмкін. Бетондардың беріктігін, аязға төзімділігін, тығыздығын тексереміз. Нормаға сәйкес жасалынбаған тұсы болса мердігер компания қайта жасауға міндетті. Көпірді тез жасап, кейін қайта жөндеуден өткізіп жатқанша, қазір уақытты аямай сапалы жұмысқа қол жеткізуіміз керек, - деді орталықтың ШҚОФ директоры Саяхат Мусапыров.

«ҚазАвтоЖол» АҚ ШҚО филиалының мәліметінше, Осинов асуын айналып өтетін жол құрылысы жобасының жалпы құны шамамен 13,2 млрд теңгені құрайды.

а
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Еске салсақ, осыған дейін Өскемен қаласындағы Ертіс көпірі астындағы жолды биыл ашу жоспарланып отырғаны хабарланған

Соңғы жаңалықтар