Алматы мақта-мата комбинатының орнында қазір қандай нысан тұр
Kazinform агенттігі «Тарихи фото» айдарын ұсынады. Бүгін редакция кезінде 10 мың адамды жұмыспен қамтып, аңызға айналған комбинат болған, КСРО-ның ең ірі жеңіл өнеркәсіп мекемелерінің бірі және Қазақстандағы осы саланың негізгі күші – Алматы мақта-мата комбинаты туралы айтады.

Алматы мақта-мата комбинатының тарихы КСРО Министрлер кеңесі, одан кейін КОКП Орталық комитеті Алматыда ірі тоқыма мекемесін салу туралы қаулы қабылдаған 50-жылдардың соңынан басталады. Комбинаттың жобасын Мәскеу жобалау институты жасады. Мекеме құрылысы 1961 жылы басталып, 1965 жылы-ақ өнім берді.
№1 жіп иіру-тоқу фабрикасы 1961 жылы соғылып, бірден жұмысын бастап кетті. 1968 жылы әрлеу фабрикасы аяқталып, 1970 жылы № 2 жіп иіру-тоқу фабрикасы салынып бітті.
АММК тәулік бойы жұмыс істеді, өндіріс процесі мүлдем тоқтаған жоқ. Комбинаттағы жұмыс күні үш ауысымға бөлінген. АММК құрамына кіретін үш фабрика жылына 74 миллион метр, ал тәулігіне шамамен 408 мың метр мата шығарып отырған. 1981 жылдың желтоқсанында мекемеде матаның миллиард метрі шығарылды. Жалпы комбинат мақтадан 13 түрлі мата шығарған, олар: шыт, сәтен, фланель, бөз, жейдеге арналған мата, көйлекке арналған «Самал» матасы, «Алматинка» жалбалаң матасы және басқалары.
Мата өндіретін шикізат ретінде Оңтүстік Қазақстан, Түрік, Тәжік және Өзбек КСР алқаптарынан әкелінген мақта пайдаланылды. Фабрикада оны өңдейтін 30 мыңнан астам ұршық пен 4000 тоқыма білдегі бар еді. Заманауи құрылғының бір бөлігі Чехословакия, ГДР мен Франциядан жеткізілді.
Комбинат шығаратын 30% мата ғана Қазақ КСР құрамында қалатын. Басқасы киім және төсек-орын жабдығын өндіру үшін Одақтың басқа республикалары мен шетелге экспортқа жіберілген. АММК маталары үнемі түрлі көрмелерде таныстырылған: Мәскеу, Болгария, Польша, Сирия мен Алжирдегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі.
Әр жылдары мекемеде 6 мыңнан 10 мыңға дейін адам жұмыс істеді. Олардың қатарында 48 ұлт өкілі болды. Ұжымның басым бөлігін әйелдер құрайтын. Ер адамдар шеберлердің көмекшісі ретінде, білдек бұзылып қалғанда жөндейтін маман ретінде, сонымен қатар механиктер мен электриктер бригадасы құрамында жұмыс істеді.
90-жылдары Одақ құлағанда мекеме түрлі қиындықтарға тап болды. 90-жылдардың ортасына дейін инерциямен әлі де цех жұмысы жалғасты, бірақ қызметкерлерді қысқарту басталған еді. Электр қуаты, су мен басқалары бірден қымбаттап кетті. Бұрынғы жеткізушілер енді фабрикаға шикізат сатқысы келмеді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта өсіретін шаруашылықтарға оны шетелге сату тиімдірек болды.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін АММК жекешелендіру және мемлекет иелігінен алу бағдарламасы бойынша жеке меншікке берілді. Комбинат жеке тұлғаның иелігіне өткеннен кейін жұмысшылар мен өндіріс көлемін қысқарту басталды. 1999-2002 жылдары АММК жеке меншік акционерлері банктен жылына 17%-пен 4 миллион доллар несие алды. Комбинаттың өндіріс кешенінің бәрі кепілге қойылды. Соңында несие комбинатты дамытуға жұмсалған жоқ. Банк акцияларды алып қойып, комбинат өз-өзімен қалды. Комбинат мүлкі (білдек, коммуникациялар) сатыла бастады, 2022 жылға қарай комбинаттың бетон қабырғасы ғана қалды.
Осылайша, қазір аса ірі комбинат жоқ. 2003 жылы бұрынғы өндіріс цехтерінің бірі Армада сауда орталығына айналды. 2015 жылдың шілдесінде қазақстандық БАҚ-та Алматы мақта-мата комбинатының қалған ғимараттары бұзылатыны туралы ақпарат жарияланды, ал 2016 жылы бұрынғы цехтің қалған бөліктеріне Грандпарк сауда орталығы орналасты.