Қазақстандағы фармнарықтың 84 пайызы — шетелдік өнім
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда былтыр фармацевтикалық нарықтың көлемі 1,2 трлн теңгені құраған. Ал оның 84 пайызы шетелдік өнім.

Бұл туралы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— 2024-2025 жылдары жүргізілген екі аудит дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінде бірқатар кемшілікті анықтады. Бірінші, отандық фармацевтиканың нашар дамуы. Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84 пайызы шетелдік өнім, — деді Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ ол 2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалғанын айтты.
— Ғылыми жұмыстар саны аз болса да, Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және жоғары министрлігі тарапынан іске асырылатын зерттеулерден хабарсыз. Бұл нақты қажеттіліктерді ескере отырып, ғылыми басым бағыттарды нақтылы түзетуге мүмкіндік бермейді, — деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін Мәжіліс Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайтыны хабарланған еді.