Қазақстандағы интернет проблемалары тұтынудың артуымен байланысты — Президент көмекшісі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев қазақстандықтардың мобильді байланыс пен интернет сапасына қатысты шағымдарына пікір білдіріп, трафик тұтынудың өсуіне байланысты желілерге түсетін жүктеме артып жатқанын айтты.
Спикердің айтуынша, интернет пен мобильді байланыс сапасына қатысты шағымдар, әсіресе өңірлерде, тас жолдарда және ауылдық жерлерде жиі кездеседі. Тіпті Астананың өзінде азаматтар байланыстың үзілуіне жиі шағымданады.
— Бүкіл әлемде трафик көлемі өте қарқынды өсіп жатыр. Жаңа байланыс стандарттары енгізілгенімен, желілерге түсетін жүктеме де жылдам артып отыр. Бұрын пайдаланушыларға SMS жеткілікті болса, бүгінде олар YouTube, мессенджерлер, интернетпен қоңырау шалу, бейнетрансляциялар мен желідегі контентті белсенді қолданады. Мұның бәрі орасан зор ресурстарды талап етеді. Өкінішке қарай, қажеттіліктердің өсуіне инфрақұрылым әрдайым ілесе бермейді. Соның салдарынан байланыс сапасы, әсіресе өңірлерде өзекті мәселе болып қалып отыр. Қазір тұтынушылар 5G технологиясына да үйреніп кетті. Тіпті қандай технологияны пайдаланып жүргендерін де байқамайды, — деді Қуанышбек Есекеев Jibek Joly арнасының «Уәде» бағдарламасында.
Спикердің айтуынша, телекоммуникацияны дамыту — технология мәселесі ғана емес, әділ қолжетімділік пен теңдік мәселесі. Сондықтан стратегиялық жоспарларда ауылдық аймақтар мен шағын қалаларға ерекше назар аударылып отыр.
Сонымен бірге, Қуанышбек Есекеев 6G технологиясы жасанды интеллект көмегімен әзірленіп жатқанын және 2030 жылдан кейін пайда болуы мүмкін екенін хабарлады.
— Ол жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді, яғни сіздің трафигіңіз бірден жіктеліп, желіде шамадан тыс жүктеме болмауына мүмкіндік береді, — деп түйіндеді Қуанышбек Есекеев.
Айта кетейік, тамыз айынан бастап 500 мектепте жасанды интеллектіні пилоттық түрде енгізу басталады.